12.10.2021, 15:50
Оқылды: 33

Вакцина алғандардың жолы «аshyq»

Жаһанды жайлаған коронавирус 15 мыңнан астам халқы бар Шыңғырлау ауданын да айналып өтпеді. Өкінішке орай, ұзақ уақыт бойы аудан «қызыл» аймақтан шыға алмай, өңірімізде санитарлық шаралар күшейтілген болатын. Осы орайда, аудан көлемінде коронавирус дертімен күресу бағытында жүргізілген жұмыстар мен оның алдын алу шаралары жөнінде білу үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ермек Сабировпен кездескен болатынбыз.

6E974F66-891D-47CE-B96D-6CD65B81F67E

-Шыңғырлау ауданы «жасыл», «қызыл», «сары» аймақтардың барлығында да болды. Яғни коронавирусты ахуал құбылмалы, тез уақытта өзгеріп отырады. Осы орайда бүгінгі жағдайға тоқталып өтсеңіз.

 -Жыл басынан бері коронавирус жұқпасы зертханалық жолмен расталған 977 жағдай тіркелді. Халық санына байланысты болар, вирус жұқтырғандардың басым көпшілігі Шыңғырлау ауылдық округінде тіркелген, яғни 763 тұрғын коронавирус ауруын жұқтырған. Одан кейін Ақшатта 96 жағдай тіркелсе, Ащысай ауылдық округінде 55 адамда ПТР сараптама нәтижесі оң болған. Өкінішке орай, ауданда коронавирус жұқпасының асқынуларынан 18 өлім жағдайы тіркелген, 5 тұрғын қыркүйек айында дүниеден өтті.

Өткен қыркүйек айында аурушаңдылық қарқынының тұрақты төмендеуі байқалды. Тамыз айында коронавирус ауруын жұқтырған 192 жағдай, қыркүйек айында аурудың 126 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 123 симптомдық және 3 симптомсыз, эпидемиологиялық тексерістер жүргізу кезінде 63 жағдайда инфекция бұрын анықталған науқастармен жақын байланыста болғаны анықталды, 62 жағдайда науқастар ЖРВИ белгілерімен емделгендер арасында, 1 жағдайда науқас вахталық әдіспен жұмыстан шығар алдында профилактикалық қызмет көрсету кезінде анықталды. Дегенмен қазан айы басталғанына бірер күн болғанына қарамастан аурудың қайта өсуі байқалады.

-Әлемді жаулаған коронавирусты жеңудің бір жолы – ол вакцинация. Осы орайда аудан көлемінде вакцинация жұмыстары қалай жүріп жатыр?

-Соңғы ақпаратқа сәйкес 3954 шыңғырлаулық коронавирусқа қарсы екпе алды. Бұл вакцина алуға тиіс тұрғындарының 54 пайызы. Ендігі кезекте аудан көлемінде зейнет жасындағы үлкен адамдармен, жұмыс жасамайтын тұлғалармен насихат жүргізіліп, ауруханада диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды шақыртып, екпе салу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде екпе алам деушілердің таңдауына байланысты отандық өнім «QazVac» вакцинасын, ресейлік «Спутник-V» мен қытайлық «Vero Сell» екпесін алуға толық жағдай жасалған. Екпелер бойынша кідіріс жоқ, әр адам өз қалауы бойынша таңдағанын ала алады. Аудан көлемінде вакцина салатын екі топ жұмыс жасайды, оның біреуі ауруханада демалыссыз, үзіліссіз жұмыс жасаса, екіншісі ауылдық округге шығып тиісті жұмыстарды жүргізуде

 -Вакцина алған адамдарға аурудың алдын алумен қатар тағы да қандай жеңілдіктер қарастырылған?

-Ауданымызда «Ashyq» мобильдік қосымшасы да кеңінен қолдау таба бастады. Бүгінде тамақтану орындары, мекемелер, кәсіпорындар, басқа да нысандарда  -  барлығы 120 нысан «Ashyq» мобильдік қосымшасына қосылды. Осы орайда коронавирусқа қарсы екпе алған тұрғындардың «жасыл» мәртебесі бола тұра  «Ashyq» мобильдік қосымшасы бар барлық нысандарға еркін кіре берулеріне болады. Өздеріңіз білетіндей, «жасыл» мәртебе тек вакцина алғандарға, немесе сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тест қорытындысы болса ғана немесе соңғы үш айда ауырып жазылған адамдарға беріледі. Көріп отырғаныңыздай, ең тиімдісі – екпе алу. Сондықтан «жасыл» мәртебелі тұлғалар «Ashyq» мобильдік қосымшасы аясында шектеулі адамдардың қатысуымен мейрамхана, тойханаларда түрлі шараларды ұйымдастыра алады немесе сондай жиындарға еркін қатыса алады.

Тағы бір ескеретін жағдай, бүгінге дейін отбасы мүшесінің коронавирус жұқпасы жұқтырғандығы анықталғанда ол отбасының барлық мүшелерін үй карантиніне қоятын еді. Енді ПТР тест қорытындысы «теріс» болған әрі вакцина алған отбасы мүшесіне карантин шарты әсер етпейді. Ол еркін түрде жұмысына да, басқа жерлерге де бара алады. Тек дәрігер назарында болуын тиіс.

-Карантин шараларын бұзған тұлғалар кездесіп жатады. Көпшілік орындарда бетперде тақпауы, тыйымға қарамай үйде той өткізуі секілді фактілер жиі байқалуда. Карантиндік шараларды бұзған тұлғаларға қандай шаралар қолданылуда?

 -Жалпы жыл басынан бері өңірімізде карантиндік шараларды бұзу бойынша біздің мекемеге 51 материал түсті. Соның ішінде 15 материал қаулының заңды күшінің жойылуына және әкімшілік жауапкершілікке тартуға басқа да негіздері болмауына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартудан бас тарту туралы қаулы шығарылды, қалған 36 хаттама нәтижесіне сәйкес 1 750 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан басқа, «Ashyq» қосымшасы бойынша «қызыл» мәртебемен анықталған 2 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 87510 теңге көлемінде айыппұл тағайындалса, «сары» мәртебелі 3 тұлғаға карантиндік тәртіп бұзған үшін қаулы шығарылды.

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале