19.10.2021, 11:52
Оқылды: 13

Теректілік «Сәйгүліктен» сескенбейтін Сабина

Федоров ауылында тұратын Сабина Жантілеуова жан-жақты, өнерлі қыздардың бірі. Ол ән де салады, би де билейді. Сахнаның адамы, әртіс. Тағы бір қыры – темір тұлпар тізгіндеп, мопед жүргізуді үйреніп алған.

IMG-20211019-WA0004

Ара-тұра ауылдағы бас көшенің бойында көріп жүрген мопед мінген жасөспірім қызбен өзіміз танысып, жұртшылыққа да таныстыруды жөн санадық.

Сабина  Федоров орта мектебінің 9-сыныбында оқиды. Автокөлікке  қызығушылығы 6 жасынан басталған көрінеді. Көлік айдағанына қызыққанын байқаған әкесі жүргізушілікке өзі үйреткен. Әпкесіне ата-анасы сыйлаған мопедті жүргізіп үйренген Сабина қазір оның «құлағында ойнайды» .

-Басында рөлге өзім отырғанда қатты қорқыныш болды. «Көз- қорқақ , қол -батыр» демекші , кейіннен үйреніп кеттім. Қазір мотокөлік айдау маған оңай. Менің мопедпен жүргенімді көргендерге «көлік жүргізу құжаты жоқ, тәртіп бұзып жүр» деген ой келетін шығар. Бірақ,  мопед айдау  үшін куәлік аса қажет емес болып саналады. Және де мен жол ережесін жақсы білемін, тәртіпті бұзбауға тырысамын. Жол ережесін сақтауымды әкем де үнемі қадағалайды.  Ерте жастан үйреніп, қолым жаттыққаннан шығар, мен кез-келген «темір тұлпарды»  тізгіндей аламын. Жасым он сегізге жеткенде міндетті түрде қолыма көлік жүргізу құжатын аламын. Әрбір істе мұқият болу керек. Көлікті тізгіндеген адам өз өміріне ғана емес,  басқа жолаушылардың өміріне де жауапты,-дейді Сабина.

Жоғарыда айтып кеттік қой. Сабина – өнерлі жас. Әнші, бишілігімен қатар, ол   театр, жас тілші үйірмелеріне  де қатысады екен.

- Театр – өмір айнасы. Өмірдегі шындықты сахналау. Мен өзімді сахнаның, өнердің адамымын деп есептеймін. Алғаш рет ауданымызда ашылған «ZhaikStar» театр үйірмесіне барып өзімді басқа қырымнан көрдім. Менің бейне сомдау қабілетімді ашқан   Нұрсұлтан Қадырғалиев  десем болады. Қазір спектакльдерде ойнаймын.  Солардың  ішінде жаныма жақыны – Дариға Мұштанованың «Біз бала болмадық» драмасы. Мен басты рөлдегі кейіпкерді сомдадым. Соғыс жылдарындағы балалардың ауыр тағдырын суреттеген бұл хикая қалың көпшіліктің көңілінен шықты. Биыл  жеңіс күні қарсаңында сахналанған бұл қойылыммен біз облыста бас жүлде иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алдық. «Ақжайық» телеарнасынан да көрсетілді драма. Тағы бір қызыға айналысарым - «Жас тілші» үйірмесі.  Үміткер Жұмакелдіұлы жетекшілік ететін осы үйірме арқылы аудан және облысымыздағы әр саланың үздіктерінен сұқбат алып, кездесулер ұйымдастырып жүрміз. –деп өзінің өнер қырларынан сыр берді.

Үлкен сахна биігін бағындыруды армандайтын   Сабинаның бос уақыты мүлде жоқ.

-Мен уақытты ұтымды пайдалану үшін күнімді жоспарлап қоямын. Сабақтан кейін үйірмелерге, кітапханаға барып, білімімді жетілдіремін. Ата-анама  үй тірлігіне көмектесемін. Оқуда озат болуым, жан-жақты дамуым  ата-анамның қолдауының арқасы. Сол кісілердің үмітін ақтау үшін тырысып бағамын,-деп түйіндеді сөзін Сабина Сабырқызы.

IMG-20211019-WA0002

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, Сабинаның тұлға боп қалыптасуына бағыт-бағдар беріп жүрген аудандық балалар шығармашылық үйінің ұстаздары оның болашағынан зор үміт күтеді.

-Сабина Жантілеуова 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап «Жас тілші « үйірмесінің мүшесі. Өзі алғыр, үйірмешілер арасында беделді. Шығармашылық үйіндегі шараларға белсене қатысады. Тапсырылған әр іске жауапкершілікпен қарайды.  Үйірмеге әрдайым дайындықпен келеді. Мәнерлеп өлең, мәтін оқиды, әртістік қабілеті бар. Сабина онлайн байқауларға қатысып, жүлдегер қатарынан көрініп жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларымыздың бірі,-дейді Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің директорының міндетін атқарушы Әсима Абылайқызы.

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале