12.03.2015, 11:06
Оқылды: 32

Пайдалы конференция

20150224_103353


Алматы қаласында ақпан айының 24-25-ші жұлдызында «Алматы – ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы» атты халықаралық конференция өтті. Бұл жиынды ұйымдастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі болатын.


Конференцияға ҚМДБ тарапынан наиб мүфти Серікбай Ораз мырза қатысып, «Ислам ынтымақтастығын ұйымдастыру – мәдениетаралық және конфессияаралық диалогтың негізі» атты секцияға басқарушы-модератор болды. Ғылыми зерттеу институтының шақыртуымен осы конференцияға мен де барып, Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарындағы көне құлпытастардың тарихымызға қосатын үлесі, ондағы аят, хадис, дұғалардың жазылуынан қазақ халқының діни сауатты болғандығын, халық тұрмысы қай уақытта жоғары, қай уақытта төмен болғандығын көруге болатындығын айтып, 15 минуттық баяндама жасадым. Конференцияға Иран, Малайзия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, тағы да басқа көптеген елден делегаттар қатысты. Конференция 4 секциядан тұрды. Мен қатысқан «Полиэтникалық және поликонфессиялық қоғамда діни-мәдени дәстүрлерді жаңарту және сақтау» деген секцияда бұрынғы бас мүфти, қазіргі Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі хазірет модератор болды. Ол кісі баяндама жасау үшін аты-жөнімді хабарлағанда: «Мұндай халықаралық конференцияға тарихи деректер әкеліп, баяндама жасайын деп отырған имамды тәуелсіздік алғалы көріп отырғаным осы, бұл жұмысыңды тоқтатпай, алдағы уақытта да осындай конференцияларға қатысып тұр», – деді.

Біздің Жаңақала ауданында екінші Қазан атанған Жаңақазан ауылының болуына байланысты осы ауылдың тарихына қатты қызығып жүрген мені Қазан мен Уфа қаласынан келген татар ғалымдары мен Мәскеу Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Азиз Шавкатович Ниязи мырзалармен танысып, телефон, электрондық мекенжайларымызбен алмасуымыз  өте  қуантты.


Мұратбек қажы ЖАХАТОВ,

Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале