22.10.2021, 11:42
Оқылды: 54

Бағындырған белестер,көрінген көкжиектер

Бүгінгі  мақаламыздың  тақырыбы  –  Жайық  өзенінің  жағасын  тең  жайлаған,  төскейі  малға  толған  берекелі  Ақжайық  ауданының  бүгіні  мен  ертеңі.  Бұл  өңірде  ауыл  шаруашылық  пен  кәсіпкерліктің  дамуына  толық  жағдай  жасалып,  берекелі  бетбұрыстар  орын алуда.  Осынау  жайттар  жөнінде  аудан  әкімі  Қалияр  Айтмұхамбетовпен  сұхбат  барысында  баяндалды.

20470F65-B3A9-4A06-88C6-599948CE0A15

– Қалияр Шадиярұлы, бүгінгі таңда аудандағы ең көкейкесті мәселе – ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету және суармалы алқаптарды жайландыру екені мәлім. Әңгімені осыған қатысты қам-қарекеттен бастасақ.

– Ауыл шаруашылығын дамытудағы өзекті мәселе күн тәртібінен түспейді. Аудан аумағы 2 571, 6 мың гектар болса(облыс аудандары арасындағы ең үлкен аумақ), соның ішінде 2 341,2 мыңы (91,0%) – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Түрлі бағыттағы субъектілердің иелігінде 1 245,1 мың гектар жер телімі бар, 352,6 мың гектар (13,7%) босалқы жер қорында.

Соңғы жылдардағы қуаңшылық, әсіресе, ауыл шаруашылық саласында қызмет ететін жерлестерімізге табиғи қиындықтарға тәуелді болмай, жұмыстарында осы бағыттарды басшылыққа алып, заманауи технологияларды қолдану керектігін көрсетті. Қазірде су көздері бар жерде шаруалар суармалы жерді іске қосты. Көпжылдық екпешөп  егістігінің көлемін ұлғайту арқылы жем-шөп мәселесін шешуге бағыт алып, биыл 9 қожалық 1692 га танапты суармалы жерге айналдырды. Соның нәтижесінде мал азықтық дақылдар 267 га жерге егіліп, соның 100 гектарлық телімі жаңбырлатқыш машиналармен суарылуда. Жаңа технологияларды облыс бойынша алғашқылардың бірі болып өз шаруашылығында іске қосқан «Аманер» шаруа қожалығының жетістігі өзге де шаруашылық құрылымдарына үлгі болғанын айта кету керек.

Алдағы 5 жылда аудан бойынша суармалы жердің көлемін 3,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл мал азығын даярлаудағы қиындықтарды жеңудің басты  жолы  деп  білеміз.

– Жайық өзені арнасының тарылуынан былтыр содан нәр алатын көптеген канал құрғап қалды. Бұл жағдай малы мен бақшасы күнкөріс көзі болған еңбеккерлерге ауыр тиді. Сол сәттерге шолу жасап, осындай жағдайдың алдын алу үшін қандай жұмыс қолға алынғанын айта  кетсеңіз.

– Айтуыңыз орынды. Өткен жылы су тапшылығы әсер етпеген сала қалмады десек, артық айтқанымыз емес. Ауданның оңтүстік округтерінде мал суаруға және көкөніс, бақша егістіктеріне су жетіспей, ауылдағы ағайын біраз қиындықпен бетпе-бет келді. Тайпақ ауылдық округінің шаруа қожалықтары және бақша шаруашылығының басым бөлігі шоғырланған Бағырлай өзенінің төртінші бөлігі кеуіп қалып, шаруалар сусыз қалды. Бұл жағдай биыл да қайталануда. Сол кезде аудан орталығын суландыратын Карачин суландыру каналында судың болмауына байланысты бау-бақша егуге берілетін су жаздың шіліңгір ыстығында тоқтатылды. Күн өткен сайын тұщы су көздерінің азайып келе жатқанын  айтып, әлем экологтары дабыл қағуда. Бұл жағдай бізді де айналып өтпейтіндігін, суды үнемдеп пайдалануға тура келетінін соңғы 2-3 жыл анық дәлелдеп берді. Дегенмен қол қусырып қарап отыруға болмайды. Биыл бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бар күшті осы мәселені шешуге салдық. Бұл істе «егер», «мүмкін» деген жоқ. Барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Сондықтан республикалық меншіктегі Бударин, Первомай магистралды каналдарын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде арнайы мекемеге ұсыныс жібердік. Алдымен осы басты арналарды жөндеп алмасақ, Жайықтың оң жағалауындағы жергілікті меншіктегі шағын каналдардың халі мүшкіл болып қала бермек.

Биылғы қыста қардың мол болуына байланысты Жайық өзені арнасының көтерілуі көңілімізді қуантты. Көктемдегі жауын-шашынның көп түсуі де үрейімізді біраз сейілтті. Мысалы, былтыр сәуірде 4 мм ылғал түссе, биыл оның мөлшері 61 мм, яғни 15 есеге көп болды.

Сол жағалаудағы аумақты сумен қамтуға арналған Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесі 1959 жылы салынған. Оған сыйымдылығы 1 млн текше метр Аяқ су қоймасы мен жағасында 40-тан астам салынған тоғаны бар 160 шақырымға созылған каналдар кіреді. Бұған бойында орналасқан 15,5 мың га суармалы алқапты қосыңыз. Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнің қиындығы Жайықтың бұқар бетін сумен қамтитын гидроинженерлік жүйеге салқынын тигізді.Соның салдары ауыл шаруашылық саласында анық байқалады. Мысалы, аудан шаруашылықтарына тиесілі малдың тек 20 пайызы сол жағалауда шоғырланған. Көріп отырғаныңыздай, ауыл шаруашылығын дамытуда маңызы зор Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін, Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын және Аяқ су қоймасын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюд-жеттен 1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс басталды. Ал былтыр су деңгейінің төмендігінен кеуіп қалған Бағырлай өзеніне Атамекен ауылының жоғарғы жағындағы ескі арнамен Жайық өзенінен су беруді жоспарлап отырмыз.

3BF5B0CE-09E8-42DB-BDC8-BEF182767E13

Биыл Карачин суландыру каналының 19 шақырымын тазартып, тереңдеттік. Шаруашылықтардағы 3 тоғанда да осындай жұмыстар жүргізілді. 8 құбырлы құдық соғылып, мал суаты жасақталды.

– Замананың бір зор сұрауы – ауыл-ел тынысына инвестиция арқылы тың леп әкелу. Осы орайда жақсы жаңалықтардан біздің аудан, әрине, құр алақан емес. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

– Ауданымызда кәсіпкерлік саласын дамыту, инвестиция тартуды жақсарту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Қолға алынған жобалар толық іске қосылғанша, барлық инвесторға қолдау көрсетілуде. Нәтижесі де айтарлықтай. Былтыр негізгі капиталға барлығы 8 млрд 2 млн теңге инвестиция тартылған болса, соның 2 млрд  923,3 млн теңгесі (35,6%) жеке инвестиция. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 40,1%-ға немесе 1,2 млрд теңгеге жоғары.

Биыл түрлі жобаларға 9 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарда тұр. Осы мақсатта ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тартудың 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы жасақталып, жоғарыда аталған жұмыс тобымен бірқатар жоба сүйемелденуде.

Ақжайық ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Осының өзі ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сондықтан бар мүмкіндікті пайдалана отырып, өзге өңірлердегі ірі кәсіпкерлерді ауданның әлеуетімен, кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында арнайы инвестсайтты («Ақжайық ауданының инвестиция картасы») іске  қостық.

Тиянақты жұмыстардың арқасында биыл  ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 215 млн теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба жүзеге асты. Атап айтсақ,  «Сәбит» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығын автоматтандыруға арналған «Growsafe» (канадалық) қондырғысын орнатса, «Батыс Қазақстан бақтар әлемі» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жеміс-жидектер бағына кірісті. Ал  «Жастілек» шаруа қожалығы репродуктор шаруашылығын құру мақсатында 154 бас герефорд тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алды. Жоғарыда айтып өткен «Аманер» шаруа қожалығы иеленген жаңбырлатып суару қондырғылары – ұзақмерзімді жоспарға негізделген инвестициялық  жобаның  бірі.

Ауданның экономикалық аграрлық, өндірістік әлеуеті зор. Сондықтан осы салаға серпін беріп, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру – басты мақсатымыз. Бұл ретте жүйелі жұмыс, алдын ала сараланған жоспар қажет. Алда қолға алынатын инвестициялық жобаларды атап өтсек, 3 шаруа қожалығы («Сәбит», «Нығмет», «Мұқадес») құны 287 млн теңге тұратын  жаңбырлатып суаруға арналған жабдық сатып алуды көздеп отыр. Сонымен қатар «Аманер» шаруа қожалығы 200 млн теңгеге 1000 басқа арналған бордақылау алаңын салмақ. Олардың қатарына құны 150 млн теңгені құрайтын сүт өнімдерін өндіру (ірімшік) цехы («GI-ANSAR COMPANY» ЖШС), романов тұқымдас қойды өсіру, өнімін өңдеу және экспортқа шығару бағытында салынатын комбинат, тәулігіне 50 басқа дейін мүйізді ірі қара малын сойып, өңдеумен айналысатын мал сою пункті де қосылады.  Бұған қосымша  ауданның агроқұрылымдарымен сатып алынатын мал және техникаларын есептегенде алдағы уақытта ауданға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады деген  болжам  бар.

Әрине, инвестиция тек ауыл шаруашылығына қаржы құюмен шектелмейді. Өзге бағыттарда да оңды істер жетерлік. Айталық, аудан орталығы Чапаев ауылында азық-түлік және тұрмыстық тауарларды сатуды жүзеге асыратын «Анашым» супермаркеті іске қосылды. Құны 120 млн теңгені құрайтын «Сауда үйі» (ж/к «Салыхов»), құны 140 млн теңгені құрайтын «Балалар әлемі» сауда орталығының (ж/к «Наурзалиева») құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы азық-түлік супермаркеті, жиһаз және тұрмыстық  техника сату кешенінің («Квант» ЖШС) құрылысын жүзеге асыру жоспарланды. Екі қонақ үй, автокөлік жөндеу стансасы, автокөлік жуу кешені, қосалқы бөлшектер және тұрмыстық тауарлар дүкенінің құрылысы басталып кетті. Әлеуметтік жобалар аясында Чапаев ауылында  200 орынға (330 млн теңге) және Бударин ауылында 50 орынға арналған жеке балабақша (140 млн теңге) салынуда.

Инвестициялық жобалардың жергілікті тұрғындарға беретін артықшылығы – жаңа жұмыс орындары. Жоғарыда атап кеткен нысандар іске қосылған күнде 300-ге жуық жұмыссыз жан екі қолға бір күрек табады. Бұған  қоса  аудан көлемінде ірі компаниялар  тарапынан да қолға алынатын  инвестициялық жобалар бар. Мысалы, «Kegok» компаниясы 2021-2023 жылдары 11 млрд теңгеге 3 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Ал «Казтрансойл» акционерлік қоғамы биыл Ақсуат ауылының тұсындағы «Сахарный» мұнай айдау стансасының  құрылғыларын жаңартады. Аудан аумағында орналасқан Сатимолла кен орны калий тұзын және борат өндіру жұмысын қайта қолға алады деген  үміт бар. Егер жұмыстар басталса, тек осы кен орнының өзінде 2000-ға жуық жұмыс орнын ашуға  мүмкіндік  бар.

Әрине, әлемді жайлаған індет көптеген жұмысқа тосқауыл болды. Карантиндік шектеулер мен құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі салдарынан басталған және басталуы тиіс бірқатар жобаның іске аспай қалу қаупі бар екенін айтпай кетпеуге болмайды.

– Экономиканың қозғаушы күші, әлбетте, шағын және орта кәсіпкерлік. Шаруалар арасында асыл тұқымды түлік өсіруде еңбегі елге мәлім азаматтар бар. Олардың ізденістері хақында айтып өтсеңіз. Жалпы, кәсіпкерлік саласын өрістетуде қандай мүмкіндіктер әлі ашылмай  жатыр?

– 2011 жылы ауданда асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіретін 3 шаруашылық болса, бүгінде олардың саны 72-ге жетіп, 24 есе көбейді. Соның 66-сы қазақтың ақбас, үшеуі абердин ангус, үшеуі герефорд тұқымды ірі қара өсіруде. Сонымен бірге асыл тұқымды жылқы өсіретін 8 шаруашылық (көшім, жабы және мұғалжар), қой өсіретін 7 шаруашылық (Ақжайық етті-жүнді, еділбай) жұмыс істеуде.

Аудан шаруалары заман талабына сәйкес малдың санын ғана көбейтіп қоймай, малдың сапалық қасиетте-
рін дамытуға да көп көңіл бөлуде. Олар шаруашылықтарында жаңа әдістер мен сандық технологиялардың мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Осы орайда «Сәбит» шаруа қожалығындағы іргелі жаңалықтарды атап өткім келеді. Мұнда асыл тұқымды төрт түлік түгел өсіріледі. Қожалық жетекшісі Ерболат Құрманғалиев аграрлық ғылымның жетістіктері мен озық тәжірибесін  енгізе отырып, бүгінде өз шаруашылығын республикаға танымал қазақтың ақбас тұқымын өсіретін алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналдырды. Былтыр қожалық етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаларды өз өнімділігі және ұрпағының сапасы бойынша бағалау тәжірибе стансасын құрды. Осында асыл тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ұрпағының сапасына байланысты бағалауды автоматы түрде жүзеге асыратын «GrowSafe» қондырғысы орнатылып, тиісті тәжірибе жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Сәбиттің» таң-даулы асыл тұқымды бұқалары ірі қараның асыл тұқымды тектік қорын толықтыру үшін республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы – «Асыл түлік» акционерлік қоғамына жолданды.

Осы тектес жұмыстарды ауданымыздың өзге шаруалары да қолға алуда. Мысалы, «Дөңгелек», «Атамұра», «Аманер» және өзге де қожалықтардың асыл тұқымды малын (мүйізді ірі қара немесе қой) селекциялық және асылдандыру жұмыстарына пайдалану үшін еліміздің барлық аумақтарынан келіп, саудалауда. Жұмысына енді кіріскен жас шаруалар да асылтұқымды мал шаруашылығының даму әлеуетін осындай шаруашылықтардың тәжірибесінен көріп, талпыныс танытуда. Атап айтсақ, Құрайлысай ауылдық округінде орналасқан «Жастілек» шаруа қожалығы осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың ақбас қашарын сатып алса, биыл «Сыбаға» бағдарламасы аясында Ресей Федерациясының Марий Эл Республикасынан герефорд тұқымының 154 бас аналығын саудалады. Былтыр Атырау облысынан 250, Жаңақала ауданынан 130 бастай еділбай тұқымды ұрғашы тоқтыларды сатып алып, асыл тұқымды шаруашылықтың өркендеуіне қадам басты. Мұның өзі ауылдағы ағайынның еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Күні  үгінге аудандағы асыл тұқымды МІҚ үлесі 12,7% болса, қой 3,1%, жылқы 12,0%-ды құрап отыр.

– Бұрын-соңды болып көрмеген індетпен күресте дәрігерлердің де, жанашыр азаматтардың да үлесі зор. Әлемнің іргелі елдеріндегідей, бізде де вакцинациялау басталып, адам денсаулығын сақтау үшін барлық жағдай жасалуда. Осы бағытта ой тарқатып, айта кетсеңіз.

– Әлемде белең алған індет ел экономикасының дамуын тежеп, көпшілікті дүрбелеңге салғаны рас. Осы орайда аудан аумағында аталған індеттің алдын алуға өз үлестерін қосып, тынбай еңбек еткен медицина, полиция қызметкерлеріне, аудандық мекеме, бөлім ұжымдарына, демеушілік танытып, қолұшын созған меценаттар мен волонтерларға зор ризашылығымды білдіремін.

6F1FA10C-06C3-40A3-ADFA-82CC729F201E

Қиын кезеңді артта қалдырсақ та, коронавирустық инфекцияның қаупі толық сейілген жоқ. Ауданда инфекциялық стационар қызмет атқаруда. Індеттің белең алған тұстарындағыдай болмаса да, мұнда ем алатын дәрігердің бақылауындағынауқастар бар. Олардың көпшілігінің садақа, жерлеу, қонақтық сияқты шараларға қатысқаны, басқа елді мекендерге барғаны, бетперде кимегені, науқастармен байланыста  болғаны  анықталды.

Індеттің таралмауы үшін темірдей тәртіп қажет. Қазір жер-жерде шектеу шаралары жұмсартылып, ептеп бұрынғы тірлігімізге оралып келе жатқандаймыз. Десе де былтырғыдай қайта өршіп кетпес үшін тұрғындар әлі де  сақтық шараларына өте зор мән  бергені абзал.

Бізде 136 адамнан тұратын 19 мониторингтік топ жұмыс атқаруда. Жерлеу рәсімін санитарлық талаптарға сай өткізіп, адамдардың көп шоғырланбауы туралы түсінік жұмыстарына ауылдардағы зиялы қауым өкілдерін, имамдар мен волонтерларды  тартып  отырмыз.

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны аудан бойынша 11 771 (11 қазандағы дерек бойынша) тұрғын алды. Бұл аудан халқының 58,1 пайызын  құрайды.

Өкініштісі, халық арасында вакциналауға қатысты теріс пікірлер орын алып жатқаны әлеуметтік желілерден байқалуда.  Осыған байланысты аудан тұрғындары арасында екпе алу туралы түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілуде.

– Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар бойынша ауданда қандай жақсы нәтижелер  бар?

– Біздің елімізге әлеуметтік саланың көрсеткішіне оң әсер етіп, сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыратын мемлекеттік бағдарламалардың берері мол. Соның бірі – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бағдарлама аясында тек биылдың өзінде  1872  адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, бүгінге дейін 1766 адам жұмысқа орналасты. Бағдарламаның бірінші бағыты – жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік пен дағдыны игерудің тиімді жүйесін жасауға бағытталған. Еңбек нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жыл ішінде 30 адамды қысқа мерзімді курстарға жолдау жоспарланған болатын. Нәтижесінде күні бүгін 51 жерлесіміз кәсіптік оқуға жолданып, білім алды. Бағдарламаның екінші бағыты – ауылдық жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Биыл бұл  бағыт  бойынша 276 адамды жұмыспен қамту, соның ішінде «Бастау бизнес» жобасымен 115 адамды оқыту,  39 адамға несие беру, 122 адамға 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант беру жоспарланып, 24 адам бағдарлама шеңберінде 108,6 млн теңге көлемінде мал шаруашылығын дамытуға несие алды. 122 адам 583 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант иегері атанды. 130 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқуға жолданды.

E1372447-2964-4EAB-96CF-98519E9757E7

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша  жыл басынан 1388 адам уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 547 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 144 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды, 95 маман жастар практикасы бойынша жұмысқа орналасып, 602 адам қоғамдық жұмысқа  тартылды.

– Ақжайық ауданы – тоғыз жолдың торабындағы іргелі өңір. Жыл сайын мұнда ірі құрылыс жұмыстары қолға алынып, сәтті аяқталуда. Биыл бұл бағытта қандай жаңалықтармен бөлісе аласыз? Ауылдарды көгілдір отын мен ауыз суға қосудағы шешілмей жатқан мәселелер  туралы  айтсаңыз.

– Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамту мақсатында Тайпақ ауылында 2 қабатты 12 пәтерлік және Чапаев ауылында 3 қабатты 24 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы олар пайдалануға беріліп, аталған топтағы отбасылардың қоныс тойын атап өтер күні де жақын. Сонымен қатар Чапаев ауылында 36 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда.

Былтыр аудан орталығының солтүстік пен оңтүстігіндегі шағынауданның 294 учаскесіне су желісі жеткізілді. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, газ бен электр желілерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Чапаев ауылының оңтүстік бөлігіндегі 128 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (газ және электр желілері) құрылысына ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтуде. Осы орайда аудан орталығындағы жер учаскелерінің кезегінде 1800 адам тіркеуде тұрғанын айта кеткен жөн.

Бүгінгі таңда ауданның 93,5%-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл Мойылды, Самал, Тінәлі ауылдарында су құбырларының құрылысы жүргізілуде. Сонда халықтың сумен қамтамасыз етілуі 95,6%-ды құрамақ. Чапаев ауылының су құбырын қайта құру және Қабыл ауылының су құбырының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, сараптамадан өтуде.

Былтыр 4 елді мекенге (Сарман, Битілеу, Ақбұлақ, Есім) «Нұрлы жол» бағдарламасы (105,0 млн теңге) және 7 елді мекенге (Жаңажол, Тегісжол, Тоған, Қарағай, Жамбыл, Бітік, Үштөбе) «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы (300,0 млн теңге) аясында көгілдір отын жеткізілді. Осының нәтижесінде 2500-ге жуық ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, 29 әлеуметтік нысан газға қосылды. Көгілдір отынмен қамту көрсеткіші былтыр 99,3%-ға жетті.

88D8DFB6-A39C-4CB6-AB3D-6A774F6BC6B4

– Орал-Атырау күрежолының бойында біздің ауданның 8 ауылдық округі орналасқан. Сондықтан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өткір тұр. Бұл ретте қандай істер  тындырылуда?

– Соңғы жылдары малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейіп кетті. Бұл ретте мал иелерімен бірлесіп, жұмыс істегенде ғана нәтиже көрінеді. Осыған байланысты ауданда мал бағымын ұйымдастыру және жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша шұғыл ісшаралар жоспары жасақталып, барлық елді мекендерде тұрғындармен кездесу өткізілді. Жеке тұрғындар мен шаруа қожалық жетекшілеріне төрт түлікті бірдейлендіру, бағып-ұстау туралы заң талаптары көрсетілген жадынамалар таратылды. Нәтижесінде аудан бойынша ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері арқылы 27, бақташы арқылы 25 бағытта тұрақты мал бағымының жұмысы  ұйымдастырылды.

Аудан аумағында АтырауОрал, Чапаев-Казталов, Чапаев-Жаңақала тас жолдарының бойында орналасқан ауылдық округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының жылқыларына жарық шағылыстырғыш ленталар тағу, түлікті таңбалау және чиптеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса күре жолдың бойындағы ауыл тұрғындары үй жануарларын Жайық өзенінен суаратынына байланысты мал тас жолды тәулігіне 4 мәрте кесіп өтеді. Осыны реттеу үшін 5 елді мекенде 8 құдық қазылды. Чапаев ауылындағы көбік тереңдетіліп, көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар «Орал-Атырау» тас жолының бойында орналасқан көлік құралдарының жылдамдығын азайтуды ескертетін, үй жануарлары өтетін тұс екенін көрсететін белгілерді тек елді мекендердің маңына ғана емес, өзге де жерлерге қосымша орнату мәселесі қолға алынды. Бұл тұрғыда ауылдық округ әкімдерінен ұсыныстар жинақталып, «Қазавтожол» мекемесі мен полиция департаментіне жолданды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен де бірқатар жұмыс  атқарылуда. Атап айтатын болсақ, 2021 жылдың 6 айында аудандық полиция қызметкерлерімен барлығы 464 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның 344 хаттамасына 2 683 645 теңге айыппұл салынып, барлығы өндірілді. Соның ішінде ҚР ӘҚБК-нің 608-бабына сәйкес, яғни жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 27 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал 2020 жылы 22 хаттама  толтырылды.

Жалпы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында көлік құралдарының жылдамдығын азайту үшін күре жолдардың бойында жылдамдықты өлшейтін бейнекамера және тасымалды жылдамдық өлшегіш құрылғы орнату сияқты заманауи тәсілдерді қолдану қажет деп есептеймін.

Сұхбаттасқан Әлия  Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале