Бүгінде жер-жерлерде, әрбір мекемеде «Қайырымдылық» айлығы аясында аға буынды құрметтеуге, сүйемелдеуге негізделген шаралар қолға алынуда. Бұл өмір заңдылығы, дәстүр сабақтастығы.
Жуырда Шыңғырлау ауданы әкімшілігінің бастамасымен, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен арнайы топ Бөрлі ауданы мен Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып қайтты.
Игі мақсатты көздеген топты бастап барған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Саян Баймұханов орталықта өмір сүріп жатқан жерлестердің әр қайсысымен сөйлесуге тырысып, хал-жағдайларына қанықты.
Туған жерден келген ауылдастарын көрген олар да ерекше тебіреніп, сонау артта қалған күндерді еске түсіріп, таныстарын сұрастырып, мәре-сәре болып қалды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән салып, қамкөңіл жандардың көңілдерін серпілтуге тырысты.
Туған жерге сәлем жолдап, амандықта кездесейік деген тілек бұл күні әр жүректің түбінде жатқаны рас еді.
Гүлім Шынтас,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz