Елімізде «Қару» акциясы аяқталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Ішкі істер министрлігі биылғы жылдың 20 сәуірінен бастап өткізілген жыл сайынғы «Қару» акциясын аяқтады. Акция барысында азаматтар қару-жарақты ақылы түрде тапсырады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен биыл 95 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандарға оның техникалық жай-күйіне байланысты әр қару үшін айлық есептік көрсеткіштің оннан жүзге дейінгі сомасында төлем көзделген», - деді Нұрділдә Ораз министрліктің баспасөз алаңында өткен дәстүрлі брифинг барысында.
Ресми өкілдің атап өтуінше, атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізілді. акция аясында полицияға мыңнан астам тұрғын өз еркімен 1 400 атыс қаруын тапсырды.
«Оның ішінде 1 шолақ автомат, 197 ұзын ұңғылы қару, 3 тапанша, 1 мыңнан астам тегіс ұңғылы, 19 травматикалық қару, бір келіден жоғары жарылғыш заттар, сондай-ақ шолақ ұңғылы қаруға арналған 57 мың оқ-дәрі қабылданды», - деді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат