Мектеп оқушыларына егемендіктің отыз жылдығында жеткен жетістігімізді дәріптеп, тәу етер Тәуелсіздігіміздің мерейтойын атап өтудің идеологиялық мәнін түсіндіріп, діни сауаттарын арттыру, жалпылама түсінік беру, ақпарат алудағы сенімді дереккөздерді көрсету маңызды. Сол себепті Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық және Жұбан молда мешітінің имамдары аудандың ішкі қарасты Белес және Қасым Қайсенов, Ілияс Есенберлин атындағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен рухани-танымдық басқосу өткізуде.
Кездесулер барысында ұлттық тәрбие, ислам дінінің негізгі қағидаттары мен шарттары, әдептілік, Отанды сүю құндылықтары кеңінен көтерілуде. Ел болашағы саналатын жастарға дұрыс жол сілтеу бағытындағы басқосуларда аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Жұбан молда мешітінің наиб имамы Мақсат Рысқалиев діни тәрбиенің маңыздылығы жайлы сөз қозғап, сонымен қатар діни кеңес алудың дұрыс жолдарына тоқталып, асыл дініміз исламның негізгі қағидаттары туралы әңгімелеп кеңінен түсінік беріп жатса, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына дайындық, мерейтойды атап өтудің басты шарттары туралы алдағы жоспарлармен бөлісіп, қоғам тынысы туралы ақпаратты тек түрлі әлеуметтік желілерден ғана емес, мерзімді баспасөз арқылы оқуға шақырды.
Рухани-танымдық басқосу аясында оқушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оңтайлы жауап алуда. Кері байланыс ретінде пікір алмасып, ойларын ортаға салған белсенділер алдағы атқарылар шараларға өздерінің ұсыныстарын да тастады. Аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің айтуынша, осы секілді кездесулер мектеп жасындағы балалар үшін өте маңызды екен. Себебі бұл кез олардың, енді ғана ақты ақ, қараны қара деп танып, жақсы мен жаманды ажыратар шағы. Сол үшінде ұйымдастырушылар, алдағы уақытта ауданға қарасты өзге округтерді аралап, мектеп оқушыларымен жүздеспек ниетте.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz