Бәйтерек ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып үстел теннисінен 2005-2007 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан чемпионаты өтті.
Бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттау және ауданда үстел теннисінің кеңінен қанат жаюына, ауылдық жерлердегі жақсы ойыншыларды анықтап, олардың бәсі биік додаларда бақ сынауына жол ашу мақсатында өткен жарысқа аудан мектептерінің үздік жас теннисшілері қатысты.
Жарыс қорытындысында, Қасым Қайсенов мектебінің командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға жайғасса, Қасым Ахмиров мектебі теннисшілері екінші орынды қанжығалады. Ал асандық оқушылар аудан чемпионы атағына қол жеткізді.
Бәйтерек ауданының балалалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін атқарушы Сүйініш Ұмбаевтың айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өткен. Қатысушылардың шеберліктері мен ойын деңгейі де жоғары болыпты. Мектеп оқушыларының үстел теннисіне деген қызығушылығы артып келе жатқаны көңіл қуантатынын да спорт мектебінің өкілдері тілге тиек етті.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz