Түн. Автобус.
Келеді ұйықтап қауым,
Көлікті қараңғылық жұтпақ қалың.
Жол – жөнекей, аялдап бір маркетке
кіріп бара жаттым да,
Кілт тоқтадым...
Қалдырып бар өмірлік жарғыңды сырт,
Тағдырды жатыр екен тағдыр құшып:
Қара ала ит жатыр босағада,
Ал оның бауырында тарғыл мысық.
Жалғыздықты,
Тағдырды қиын жеңіп,
Алыпты бір-біріне бейімделіп.
Ала иттің бауырында тарғыл мысық,
Қалғиды мыр-мыр етіп, мейірленіп.
Мысық - ай!
Алла болып саған да жақ,
Жолдас жолықтырыпты адал, ғажап.
«Досымды оятасың!» дегендейін,
Ит қарайды айнала алақ-жалақ.
Санамда кетті сансыз көбейіп үн,
Адам ба?
Табиғаттың өгейі кім?
Мысықты басқан иттің бауырына,
Сен әлі тірі ме едің, о, мейірім?
Ширмединнің Бауыржаны,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz