5.11.2021, 15:33
Оқылды: 65

Жеңіс ақтаулықтарда

Жуырда Ақтау ауылдық округінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай асық атудан аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Спорттық доданың өтуіне аудандық спорт клубы мұрындық болды.

асық ақтау

Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Замир Мырзағалиев қатысып спортшыларға сәттілік тіледі. «Ұлттық спортты қолға алып, белсенділік танытып жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Асық ату ойыны - ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Осындай шарадан сіздердің бойыңызда қызығушылық оянып, оны әрі қарай жетілдіруге еңбек етсеңіз нұр үстіне нұр болар еді. Баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді Замир Борисұлы.

Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин ойынның ережесімен таныстырып, спортшыларға қош келдіңіңіздер айтты. «Асық ату ептілікке, мергендікке баулиды. Жастар ұлттық ойынға ден қойып, қызығушылық танытса деген оймен осы шараны қолға алдық. Әйелдер арасында бұл ойынның шарты мүлдем бөлек. Сондықтан бұл жарысқа нәзік жандыларды қоспадық. Алдағы уақытта әйелдер арасында бөлек өткізу жоспарда бар, - деді ауыл әкімі.

асық ақтауу

Тартысты өткен додада Ақтау ауылының командасы жеңіске жетті. Амангелді ауылдық округі мен Ақтау ауылдық округінің әкімі аппаратынан құрылған командалар екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Жалпы мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың қолданысында асық ойыны көнеден келе жатыр. Ұлттық ойынның бұл түрі баланы ептілікке, алғырлыққа, мергендікке баулып, ой-қабілетін шыңдайды. Асық ойынында үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру,  тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ қолдағы буын ауруларының алдын алады. Балаларын асық ойнауға жастайынан баулыған ата-ана сәбиі дүниеге келмей жатып асық жинаған. Бұл жақсылықтың ырымы болса, сонымен қатар, ұлым намысшыл да саналы болса деген ниеттің белгісі. Асық атуды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Ендеше ертеден келе жатқан асық ату ойынының қазіргі таңдағы өрісі қандай?

Бұл туралы аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қазбек Набиоллаұлы айтып берді. «Асық ойнау – ұлттық спорт түрі. Бүгінде елімізде осы ойын кері қолға алынып, көпшілік қызығушылық танытып жатқаны қуантады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан көлемінде мектеп ішінде асық ойнау бұрыштары ашылған еді. Алайда, кейін пандемия кезінде көпшілігі жабылып қалды. Қазір кері қолға алынуда. Бірақ бұның бәріне уақыт талап етеді. Ондай бұрыштар үзіліс кезінде оқушыларымыздың бос жүрмей, асық ойнауға дағдылануларына мүмкіндік береді»,- дейді Қазбек Көшалиев.

Кейіпкеріміз асық ату ойыны туралы әдістеме жазып, білім бөлімінен әдістемені таратуға рұқсат алған. Қазбек Набиоллаұлының бұл еңбегі республикалық «Спорт жұлдыздары» журналында басылды. «Әдістемені жазу барысында біраз жұмыстанғанымыз рас. Ұлттық ойын туралы кітаптарды қарап, ауылдағы көпті көрген ақсақалдармен сөйлестік. Кезінде қалай ойналды. Оның  ережесі қандай болды, қазіргі таңда қандай өзгешеліктер бар?. Соның барлығын сараптадық. Әр зерттеуден кейін ойынның біраз өзгергенін байқадық. Бірақ ең басты идеясы мен негізгі шарттары сақталған, - дейді ұстаз.

асық1

Қазбек Набиоллаұлының айтуынша, асық ойыны түрлеріне байланысты арнайы үстелдер жасалған. Бұл үстелдер мектеп оқушыларының қазіргі заманға сәйкес санитарлық талаптарын сақтауға мүмкіндік береді. Үстелдің биіктігі – 70 см, шеңбердің диаметрі – 75 см, сегізбұрыштың диаметрі – 75 см, қабырғасының биіктігі – 1 см. Үстелдер асық ойының түрлеріне сәйкес жасалады. Мысалы, бірінші үстелде хандаталапай ойнаса. Екінші үстелде ханталапай, бәйгі ойналады. Ал үшінші үстел шахмат, дойбы ойнауға арнайы жасалған. Ханталапай ойынының ережесіне сай ойыншы саны сегізден аспау керек. Олар түрлі жағдаймен өзара сандық ретін алады да, асықты үстел үстіне шашып тастайды. Асық саны 25-тен аспауы керек. Асықтар таласқа салынып, қызыл асық алшы қалпында тұрып қалса, асықты қай ойыншы көп жинаса, сол ойыншы ұтты деп есептеледі. Тәйкі, бүк, шік түскен асықтар таласқа салынбайды. Ал бәйгі асықпен ойнаудың ережесі мүлдем бөлек. Бұл ойында шеңбер ішінде ақ, көк, жасыл, сары түстермен белгіленген шеңбер бойымен ойыншылар бәйгеге асықты 0-санына қояды да ойынның басталуын күтеді. Асықты айналдырып тастайды да, оның қандай қалыпта түскенін күтеді. Белгіленген ұпай саны бойынша 0 ден бастап алға қарай жылжиды. 1, 2, 3, 4, 6 және 9 ұпайы. Шеңберді айналып жылжу арқылы 0-ге бірінші болып жеткен адам жеңімпаз атанады екен.

Ұлттық спорттың осы түріне жазылған Қазбек Көшалиевтің әдістемесі бойынша ойын шарты осындай. Әрине, қатып қалған қағида емес. Дегенмен, тәртіп бойынша ережеге сай ойналған ойын әділ өтеді. Бүгінде мектеп оқушылары осындай ережеге сай ойнап жүр. Алайда облыс көлемінде өтетін додаларда ереженің басқаша екенін байқауға болады. Алдағы уақытта ұлттық ойынымыз нақты бір ережеге сай қалыптасады деген үміттеміз.

Әсем Аман,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале