Қаратөбе ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрттердің туындауының, улы және табиғи газбен улану салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың тұрғын үйлеріне улы газды анықтайтын құрылғы орнатып берді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары аудан орталығындағы Ә.Молдағұлова атындағы көшенің тұрғыны Жолдыгүл Исмағұлова мен Темір ауылының тұрғыны Ергенғали Қуановтың үйіне улы газды анықтайтын аталмыш құрылғыны қондырды.
Аудан орталығы бойынша 7 тұрғын үйге, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Соналы ауылына 1 үйге, Үшағаш ауылына 2 үйге осындай құрылғылар қондыру жоспарланған. Қалғанын ауданның басқа да елді мекендеріндегі аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлеріне қондыру қарастырылған.
Қаратөбе ауылдық округі бойынша табысы төмен және көп балалы отбасылардың тұрғын үйлеріне қондырылатын аталмыш құрылғының 10 данасын аудандық мәслихат депутаты, «Grand Market» дара кәсіпкерлігінің жетекшісі Тоқтар Мерекеұлы, қалғанын округтердегі кәсіпкерлерталып берген. Қайырымдылық айлығындағы бұл ізгілікті іске тұрғындар үлкен ризашылықтарын танытуда.
– Аудандық ТЖ бөлімінің және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен аудандағы көп балалы және аз қамтылған 39 отбасы тұрғын үйлеріне орнатылатын 39 дана улы газды анықтайтын құрылғы алынды. Алынған құрылғылар жергілікті атқарушы органдар өкілдері және еріктілермен бірлесіп орнатылуда.
Датчиктерді пайдалана отырып, газдан уланудың алдын алуға болады. Бұл өте қажет құрылғы. Егер үйде улы газдың мөлшері белгілі шамадан тыс артып кеткен жағдайда, құрылғы дыбыс беріп, адам өміріне төнген қауіпті ескертеді.
Бүгін аудан орталығы мен Соналы, Үшағаш ауылдарындағы тұрғын үйлерге орнатамыз. Аталмыш маңызды іс жалғаса береді, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэльс Искаков.
Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың маңызы айрықша.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz