Мемлекетіміздің басты бағытының бірі – дені сау, шыныққан ұрпақ тәрбиелеу. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты насихаттау. Бұл бағыттағы жұмыстар Шыңғырлау ауданында жақсы жолға қойылған. Мұның тағы бір дәлелі – «Nur Otan» партиясының «Бастауыш партия негізі» айлығы аясында өткізілген «Чемпионмен жаттығу» атты шынықтыру сабағы. Ашық алаңдарда өткен сабақтарға самбо күресінен әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы, республикалық сайыстардың төрт дүркін чемпионы Қайсар Құсайынов қатысты.
Оқушылармен бірге Қайсар Сайынұлы мектеп ауласында таңертеңгілік жаттығулар жасап, спорттың адам өміріндегі алар маңызын дәріптеді. Мұндай сабақтар Шыңғырлау және Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектептерінде және Шыңғырлау колледжінде ұйымдастырылды. Бұл игі бастама балабақшаларда да қолдау тауып, әр топтың бүлдіршіндері шынықтыру-сергіту жаттығуларын жасады.
Жақсы үрдіс оқу орындарында дендеп енгізілетін болса, жастарымыздың спортты әрдайым серік етіп, өздерінің денсаулықтарына жүрдім-бардым қарамауына септігін тигізері анық.
Н.Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz