Сонау Адам Смит заманынан бері ақшаның экономикалық ағзаның қаны екендігі мәлім. Экономиканы дамытудың ең басты шарты, әрине, тәуелсіздік екенін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Демек, еліміздің нағыз шынайы тәуелсіздігі өз валютамызды 1993 жылдың күзінде енгізумен басталған еді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, елінің тағдырына жаны шырылдаған азаматтарымыз егемендігіміздің алғашқы кезеңінен-ақ өз ақшамыз болуын қаперледі. Бірақ бұл «әп» дегеннен жүзеге аса салатын іс емес-ті. КСРО кезінде бізге бүкілодақтық қорлардың дотациясы қарастырылды, экономикамыз ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін де, одан кейін де шикізат көзі болып қалыптасты ғой. Экономикамыз, қаржы, банк жүйесі бір орталықтан – Мәскеуден басқарылғанын да білеміз. Сондықтан республикамызда дербес қаржы-кредит саясаты, банк жүйесі, есеп-қисаптың басқа да түрлі желілері жоқ болды. Осындай толып жатқан себептермен тек біз емес, егемендік алған барлық ел кеңестік бұрынғы біртұтас экономика ыдырағаннан кейін зор қиыншылыққа ұшырады. 1991-1992 жылдары ұлттық валютасы жоқ бұлар, яғни рубль аймағындағылар Ресейде жүргізіліп жатқан реформаларға, қаржы, несие саясатына тәуелді болып қала берді.
Бұл – бұл ғой, басқа да сан-салада күрделі жай-күй кеңірдектен алған шақта өзіміздің ақша-қаражат саясатымыздың, тәуелсіз банк жүйесінің іргетасын қалап, жоспарлау, экономиканың жаңа басқару тетіктерін жасауға тездетіп үлгеру міндеті тұрды. Қазақстан рубль аймағында мүмкіндігінше, мейлінше ұзағырақ тұруды жақтады. Экономикадағы негізгі тетіктің бәрі дерлік көрші елмен байланысты жағдайда бірден-бір дұрыс жол сол еді және әлгі айтқан шұғыл шаруаларды тындыруға үлгеру үшін де осы жол керек болды.
Алайда өтпелі кезеңнің шырғалаңы, бұрынғы кеңестік республикалардың кейбірі жан-жаққа тартып, түсініспей, келіспеуінен қиындық дегенің қордалана берді. Нарықтық қатынастарға, ұлттық капиталға жанталаса көшудегі асығыстықтардың зардабын айтып жату артық-ау. 1992 жылдың тура басынан Ресейде баға бетімен жіберілді. «Нарықтық қатынастардың, реформалардың талабы бұл», – деді. Қазақстан мұны жаз ортасына дейін тежеуді ұсынған. Әйтсе де, бұл ескерілмеді, шығыршық шыр айналып кете берді. «Төтенше сауықтыру» деп аталған бұл шара түбі болмай қалмайтын еді, бірақ сәл де болса кейінге қалдырылса, Қазақстанға қолайлы еді... Сөйтіп, ақша құнсызданды, тауарлар бағасы шарықтады, өнімнің көптеген түрі, азық-түлік шығару бәсеңдеп, осындай бүкіл «сауықтыру» бір-бірімен септесіп, халықты сорлатты. Ресейдегі және басқа елдердегі бағаны ырықтандырудан соң бізде де амалсыздан осындайға баруға тура келді, өйткені өзі аз өнім-тауарларымызды жан-жақтағы республикалар тұрғындары жаппай сатып әкетері айқын-ды. Бұл онсыз да ауыр жағдайды әбден асқындырары анық еді.
Тәуелсіздігіміздің тар жол, тайғақ кешуін тіпті күрмеулендіріп, қазақ елін тұқыртып, тұйыққа тіреуді көздегендер әлсін-әлі төбе көрсеткенін де білеміз. Көзі қарақты жандарымыз Ресей өзінің жаңа рублін енгізген соң, сол жақтағы біреулердің – жауапты қызметкерлердің біздегі дағдарысты желеу етіп, рубль аймағында қалу үшін қолымыз әрең жеткен дербестігімізден, иемендігімізден бас тартуға үндегенін ұмытпаған шығар. Тәуелсіздік шежіремізден содан да хабардармыз. Жылдар бойы үйреніп қалған империялық саясаттың, еліміз байлығын сорудан қайткенде айырылмаудың дертінен бір мысал сол.
Көршілерге сол кезде ұдайы құнды ұсыныстарын айтып жүргенімен, Нұрсұлтан Назарбаевтың қаржы жөнінде күйреудің алдын ала білгені аңызға, құнды бір шежіремізге айналды ғой. Тиісті сала, буындардан бір топ жауаптыға аса құпия тапсырма береді. Олар 40 күн казармалық жағдайда жұмыс жасаған. Төл теңгемізді дүниеге әкелудің қамы еді бұл. Хас шебер суретшілердің идеяларын банкнот бетіне шығару, егжей-тегжейлі талқылап, пысықтау, оны бастырып, елге әкелу (ол кезде Англияда дайындалды, бұл да өте құпия түрде) – мұның бәрі тек айтуға оңай. Сонымен қатар ұлттық валюта енгізілген жағдайда оның айналымын қамтамасыз ететін жаңа қаражат кеңістігі, заманауи құрылымдар, бұрын-соңды болмаған қаржылық инфрақұрылым жасау, осындай тың істерді өрістете алатын мамандар даярлау, мұндай барлық желіні озық компьютерлік технологиямен қамту секілді қапелімде шеті көрінбейтіндей сан қырлы істер орындалып жатты.
Сөйтіп, төл ақшамыз айналымға енгізілген күнге жеттік. Инфляцияның салдарынан соның алдында «топан» рубльге «қарқ болдық» емес пе. Оны да тарих еншісіне жібердік. Әлбетте, жарты дүниені уысында ұстаған КСРО-ның «шекпенінен» шыққан кезде өз валютамызды енгізумен бүкіл күрмеуді кейін шегіндірудің мүмкін емесі де белгілі болатын. Теңгенің бағамын ұстау үшін қажет амал алудың арқасында инфляция 1994 жылы 1260%, 1995 жылы 57, ал 1996 жылы 28%-ды құрағаны айтулы жетістік болғаны сөзсіз, дейтұрғанмен, титтей де тоқмейілсудің жөні жоқ-ты. Қарайық, әуелдегі қатып-семіп қалған жоспарлы экономикадан, яғни ел ырысын қомағайлықпен қылғытқан бодандық халдегі экономикадан нарықтық қатынастарға көшудегі 1992 – 1997 жылдардағы дағдарыс қаншама дағдартты десеңші?! Мұнайға, газ өндірістеріне біржақты тәуелді жағдай орын алды, мұнай бағасы біресе өсті, біресе құлдырады. Сондықтан теңгенің долларға қатысты бағамы бір орында тұрмады. 1998 жылғы Ресейдегі дефолттық дағдарыс, 2009 жылғы дүниежүзілік қаржы дағдарысы ұлттық валютамызға және соққы әкелді. 2014-2015 жылдары тағы құнсызданды, қайсыбірін айтарсың.
Иә, валюта – экономиканы басқарудағы негізгі басты құралдың бірі. Бірақ бұл әлемдегі дағдарыстардан, экономика құрылымдарындағы біржақтылықтан туындайтын әсерлерге тыйым бола алмайды. Сондай-сондай түйіндер, тосқауылдар зардаптарымен күресуде ұлттық валютамыз өзінің тарихи рөлін, миссиясын толығымен орындап келе жатқанына досымыз да, дұшпанымыз да куә. Тіршілігі, шаруашылығы шырмауықтай шырматылған құрлықтарды, елдерді бүгіндегі пандемия жағадан алған кезде де солай. Әрине, індеткен эпиджағдай бізде де инфляцияны ырыққа көндірмеуде. Оған қарсы тегеурінді амал – қымбатшылықпен күрес, тауарлар тапшылығын болдырмау. Қарапайым айтқанда, осылай.
Экономикаға инвестиция тарту жөнінде осыған дейінгі бай тәжірибені пайдалану керек. Осыларға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізгі» атты Жолдауында анықталған міндеттер, бағыттар қапысыз орындаларына жұртымыз сенеді. Құзыретті орындардан қарымды іс-қимыл, тың бастамалар, батылдық керек. Біраз азық-түліктің неге қымбаттайтынын тұрғындар түсіне алар емес. Неге? Өйткені, аталған Жолдауда айтылғандай, қымбатшылыққа байланысты терең сараптама жасаудың орнына жауапты мекемедегілер бір-біріне сілтейді. Осы секілді жайттар – инфляцияның бір себебі.
Тәуелсіз жас мемлекетіміздің өткен жолында халқымыз қаншама қиындықты бастан кешсе, ұлттық валютамыз да соны бастан өткерді. Яғни, тағдырласпыз, біргеміз. Ол елдің имджіне талай олжа салды, қоғамдық-саяси ахуалымызды ойдағыдай сақтауға молынан септесті. Осылай болсын әманда.
Бекем Бекұлы,
журналистика ардагері
Ақжайық ауданы
* Ресейдің бұрынғы рублі кезінде, яғни 1991 жылы инфляция деңгейі 147,1 %-ға, 1992 жылы бұл 2960,8 (гиперинфляция), ал 1993 жылы 2165,0 %-ға жетіп, одан да асып жығылған еді. Ол шақта Қазақстанда алтын-валюта резерві тіпті жоқ, құрылмаған басатын.
* Төл теңгеміздің о бастағы дизайндық жағын әйгілі қылқалам шебері Тимур Сүлейменов басшылық еткен азаматтар орындады.
* Құпия түрде Англияда дайындалған өз ақшамызды алғашқыда жеткізу үшін төрт «ИЛ-76» ұшағы Лондон-Орал, одан әрі облыстарға дейін аптасына әрлі-берлі 18 рейс жасаған. Ақшаны барлық аудан, банкілерге жеткізу операциясы 8 күннің ішінде орындалып шықты.
* 1993 жыл, қарашаның 11-і, кеште теледидардан, радиотораптарынан Елбасымыз сөз сөйлеп, тарихымызда тұңғыш рет ұлттық теңгеміз айналымға енетінін жария етті.
* Алғаш қолданысқа енгенде теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 4,75 теңге болды. 1 теңге 500 рубльге айырбасталды.