23.11.2021, 11:00
Оқылды: 22

«Қалдырған ізің мәңгілік...»

Биыл Бөкей ордасы ауданы Жиекқұм ауылындағы орта мектепті бітіргенімізге – 60 жыл.  Жасымыз ұлғайса да, балалық шағымыздың куәгерлерін, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызды ешқашан ұмытқан емеспіз. Айта кетсек, Жиекқұм ауылындағы Темір Масин атындағы орта мектепте бізге Таңат Айтжанов, Қуанғали Ақтаев, Сағат Арыстанғалиев, Қайдар Жалаханов, Меңдібай Өтешев, Жексенбай Мұқанғалиев, Қабира Сисенғалиева, Меруерт Манхина, Нұрғаным Шәріпова, Қабиболла Оразғалиев, Мархаба Әбділманова есімді ұстаздарымыз сабақ берді. Осы жаны жайсаң жандардың ізімен 1963 жылы мектеп бітіріп, Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Содан 1967 жылы мұғалім болып, туған ауылыма, маған дәріс берген ұстаздар ортасына оралдым. Сол кездегі мектеп директоры Таңат Айтжанов ағай мені баласындай қуанышпен қарсы алып, ұстаздық қызметте  ақыл-кеңесін айтты.

49448D1B-E3EC-4C1A-80D6-73DA1EF6FCD921 жылы Жиекқұм ауылында дүниеге келген. Биыл сол ғазиз жанның туғанына – 100 жыл. Сталинград майданына қатысып, толарсақтан қан кешкен соғыс ардагері. Мамандығы – тарихшы. Сұрапыл күндерді басынан өткерген тағдырлы тұлға. Жанұяда Айжекен апай екеуі бес қыз бен  Талғат есімді бір ұл тәрбиеледі. Ұл-қыздарының есімі - Күнсұлу, Баян, Мадина, Айжан, Айман, Талғат. Олар Орал мен Ақтау қаласында тұрады. Тұңғыш перзенті  Күнсұлу Таңат ағамыздың жолын қуып, тарихшы болды. Ақтау қаласының құрметті ұстазы, «ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі» атанған ұлағатты ұстаз. Бала кезімізде Таңат ағамыздың сабағын асыға күтуші едік. Ол кісінің сөз саптауы, сөйлеу тілі кім-кімді де баурап алатын. Әрі скрипкада шебер ойнаушы еді. Ауылдағы мерекелік кештерде Роза Шамелова апа екеуі «Қазақ вальсі», «Гакку», «Ақшағала» мен сал Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Жиын-тойлардың сәні болатын. Қызмет барысында талапшыл еді. Таңат ағамыз мектепке келген жас мамандардан «Өздеріңнің жүрек қалауларыңмен таңдаған мамандықтарың ба?» деп сұрайтын. «Ұстаздық жол сабырлықты, еңбекқорлықты талап етеді. Сендерге оқушы ғана  емес, ауыл тұрғындары да қарап, бой түзейді. Білімдеріңізбен,  мәдениеттіліктеріңізбен ата-анадан бір елі жоғары тұруларыңыз керек. Оқушыны бала деп қарамаңыздар. Олар  ертеңгі азамат. Намысына тимеңдер. Бала білместікпен бүлдіруі мүмкін, ал сіздер, мұғалімдер білмегенін үйретіп, бүлдіргенін түзеу парыздарың. Егер мамандықты жүрек қалауларыңмен таңдап, баланың жан дүниесін ұғынсаңыздар, нағыз ұстаз боласыңдар» деуші еді.

Ол кісінің сеніміне кіріп, тапсырма алу нағыз мадақ болатын. Жұмысты мінсіз, сапалы орындауға тырысатынбыз. Сол кезде мұғалімдер арасында аудандық спорт жарыстары, көркемөнерпаздар сайысы жиі ұйымдастырылатын. Спорт жарыстарын замандасым Аспандияр Шамелов екеуміз, ал өнер бойынша тұтас ұжым атсалысатын. Жарыстарда аудандағы 16 орта мектептің ішінен біздің Т. Масин атындағы орта мектебі жүлделі 2-3-орын алатын. Мұның барлығы Таңат Айтжанов ағамыздың ұйымдастыру қабілетінің арқасы еді.

Таңат ағамыздың туғанына 100 жыл толуына орай Бисен ауылында ардагерлер кеңесін өткізіп, мерейтойды аудан көлемінде атап өтуді жоспарладық. Аудандық «Орда жұлдызы» газетінде шәкірті Чарльз Қойшыбаевтың «Таңат болды ғой» атты көлемді мақаласы шықты. Сондай-ақ аталмыш газеттің биылғы, яғни 21 мамырдағы нөмірінде «Ұстаз біткеннің ұлығы» деген өз мақалам да шықты. Темір Масин атындағы орта мектептің  қабырғасына ескерткіш тақта орнаттық. Аудандық білім беру бөлімі мен  мектеп ұжымы қатысқан іс-шара ұйымдастырылды. Басқосуда Таңат ағамыздың өмірінен естеліктер айтылып, шәкірті Абдрахман Құрақов «Ұстазға арнау» өлеңін тебірене оқыды. Сондай-ақ мектеп бітіргендеріне 45 жыл болған шәкірттері 1 қыркүйек күні ұстазының, Таңат Айтжановтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатты.

Таңат Айтжанов

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Жиекқұм ауылы тұрғындарының  аңыз ғып айтып жүретін шоқтығы биік мектеп директоры Қуанғали Ақтаев  болатын. Ол 1923 жылы Казталав ауданының Бөрлі ауылында (қазіргі Темір Масин) дүниеге келген. 1940 жылы Орда ауылындағы  Максим Горький атындағы орта мектепті бітірген. 1941-1942 оқу жылында «Ленин» колхозының бастауыш мектебінде сабақ берді. Содан 1942 жылы майданға аттанып, Сталинград қаласын қорғауға қатысты. Соғыстан жарақаттанып оралды. Алайда 1945 жылы майдан даласына қайта шақыртылып, 1946 жылы елге оралған. 1947-1952 жылдар аралығында «Ма-
кар» жетіжылдық мектебінде, 1952-1965 жылдары «Большевик» орталау білім ордасында, кейін Темір Масин атындағы сегіз жылдық мектепте директор болды.

Қуанғали Ақтаевтың кезінде мектепте метеорологиялық станса жұмыс істеді. Стансада зерттеу құралдары жабдықталған еді. Яғни ылғал өлшеуіш-гигрометр, жел күшін анықтайтын аномометр, ауа қысымын көрсететін барометр, температура көрсеткіші термометр, соқаға флюгер ілінген нағыз зерттеу орталығы болды. Оның бақылаушылары – оқушылар алты сағат сайын деректерді тіркеп отырды. Деректерді аудан, облыс орталығына жіберетінін кейін білдік. Басқа мектептерден метеостанса көрген жоқпын.

Ауылды  көгалдандыру, құм көшкінін тоқтату барысында Қуанғали аға жергілікті жерге бейім қара ағаш, үйеңкі ағашын, құмның жидесін әкеліп отырғызды. Мектеп саябағын жасақтап, демалыс орталығын ашты. География сабағы саябақта, метеостанса  қасында өтетін.  Сондай-ақ мектепте «Жануарлар бұрышы» ұйымдастырылып, үй қояндары өсірілді. Қояндарға жер асты бөлмелері жасалды. Ауыл тұрғындарының дені қоян өсірді. Биология, зоология сабақтары кейде «Жануарлар бұрышы» бөлмесінде өтетін. Дене шынықтыру пәнінен соғыс ардагері Сағат Арыстанғалиев аға берді. Ол әскери жаттығулар жасатып, санақ бойынша аяқ алып жүруді қатаң бақылайтын. Біздің қатарластарымыз спортпен шұғылдануды бірінші кезекке қойды. Соның нәтижесінде сыныптастар арасынан еркін күрестен ҚР спорт шеберлігіне үміткер Бекболат Құбиев,  грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер Меңдіғұл Құрманғалиевтар шықты.

Қуанғали аға скрипкада, домбырада, гитарада шебер ойнайтын. Мектеп жанынан домбыра үйірмесін ашып, оркестр ұйымдастырды. Сол үйірмеге атақты дәулескер күйші, «Парасат орденінің» иегері Ермек Қазиев, Орда оркестрінің белді мүшесі Бекболат Құбиевтер қатысты.

Құмның күндік, апталық, айлық қозғалыстарын, метеорологиялық деректермен байланыстырып, жылына 4 шақырымға дейін құм көшкіні болатынын, оны тоқтату үшін тал-терек отырғызуды жиі айтатын. Ошаған тұқымды шөп екті.  Оның  бастамасымен Жиекқұм ауылында мектеп ғимараты салынды. Бұл 1959 жыл болатын. Мектептің материалдық базасы да айтарлықтай толық жабдықталды. География, биология, физика, зоология сабақтарында  көрнекі құралдар қолданылатын. Мектеп директоры болса да химия сабағын зертханалық тәжірибесіз өткізбейтін. Қуанғали Ақтаевтың «Химия сабағын беру тәсілдері» деген еңбегі де жарық көрді.  Зайыбы Меңдіғаным Божекеева – бастауыш сыныптың мұғалі-мі болды. Олар он перзент тәрбиеледі. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алды. Айта кетсек, Айман Ресейдің Владивосток қаласында, Асуан мен Айша  Тольяттиде, Валентина Алматы қаласында, Сайран  Қарағандыда, Уасиха Алматыда, Алма Жәнібекте, Нияз бен Жеміс Орал қаласында тұрады.

Қуанғали ағай ҰОС кезіндегі ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және білім беруде қосқан үлесі үшін «ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсам, Қуанғали Ақтаевтың ел үшін, бөкейліктер үшін жасаған еңбегі, атқарған қызметі ұшан-теңіз. Соған орай оның есімі туған жері Бөрлі ауылындағы көшеге берілсе, мектеп, мәдени орындарға есімін беру артық етпейді. Жиекқұм ауылында демалыс саябағы жасақталса, ұстаз даңқын арттырар едік.

Қайролла Сабыров,

Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі,

Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале