23.11.2021, 12:40
Оқылды: 48

Жыл үздіктері анықталды

 22 қараша күні Қазақстан Респубикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімінің «Жыл үздігі – 2021» жастар сыйлығы марапаттау салтанаты өтті. Салтанатты шарада «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас медицина қызметкері», «Үздік жоба – 2021», «Үздік жас журналист», «Үздік волонтер – 2021», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас өнерпаз», «Жыл жаңалығы – 2021» аталымдары бойынша үздіктер анықталды.

20211122150132_IMG_7854

Тарқатып айтар болсақ, «Үздік жас ұстаз» аталымына Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Асылзада Лұқпанова, «Үздік жас медицина қызметкері» аталымына Казталов аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Ернар Камалов, «Үздік жоба – 2021» аталымына «Қосөзен қаракөздері» жобасының авторы Жұлдыз Талапова, «Үздік жас журналист» аталымына «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Асылбек Байғазиев, «Үздік волонтер – 2021» аталымына Диана Бисенова, «Үздік жас кәсіпкер» аталымына елді жомарттығымен таңдай қақтырған жалпақталдық Гүлжанат Төреғалиева, «Үздік жас спортшы» аталымына қазақ күресінен ҚР спорт шебері, «Қазақ барысы – 2021» турнирі облыстық кезеңінің жүлдегері Бекайдар Меңдешов, «Үздік жас өнерпаз» аталымына жас әнші, сазгер Нұркен Қаженов ие болса, 28 жастағы өнертапқыш Жанарыс Мұстажап «Жыл жаңалығы – 2021» аталымымен марапатталды. Үздіктердің барлығына аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлық табысталды. «Үздік жас медицина қызметкері» аталымының иегері Ернар Теміржанұлы редакциямызға сұхбат беріп, пікірімен бөлісті.

20211122150856_IMG_7858

-Ауданымызда жастар саясаты бір жолға қойылған. Оны жергілікті атқарушы билік пен белсенді жастарымыз одан әрі жетілдіру үстінде. Жас мамандардың қызметі, тұрғын үй мәселесі ретімен шешіліп, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұдан бөлек өзім жас дәрігер ретінде медицина саласына да көңіл бөлініп отырғанын айта аламын. Коронавирус індеті белең алған уақытта да ауданымыздың атқамінерлері мен кәсіпкерлер жомарттық танытты. Бүгінгі марапаттау салтанатында «Үздік жас медицина қызметкері» аталымына мені лайық деп танығандары үшін баршаға алғысым шексіз. Бастысы, барлығымыз халықтың алғысына бөленіп жүре берейік, – деді ол.

Салтанатты шараны облысымызға белгілі өнер майталмандары мен ауданымыздың жас мәдениет ққызметкерлері әсем әнмен әрлеп, мың бұралған бишілер ырғақты биімен сәндеп, күйшілер күмбірлеген күйімен көркемдеді.

Бекарыс Әбіш,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале