Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бәйтерек ауданы Шалғай ауылында ардагерлер арасында волейболдан ашық турнир өтті.
Бұқаралық спортты дамытып, ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және волейбол ойынына деген қызығушылықты арттыру, аға буын спортшыларын үлгі ету мақсатында өткен турнирге ауданға қарасты округтерден келген бірнеше команда қатысты.
Шараның шымылдығын ашқан Шалғай ауылдық округінің әкімі Талғат Кантемиров, жиналған қауымды алда келе жатқан Тұңғыш Президент күні және ел егемендігі мерекесімен құттықтап, барша қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар ашылу салтанатында сөз алған спорт ардагері Валентина Мищенко жарыста бақ сынаушыларға тілектес екенін жеткізіп, ауылдастарын спортпен шұғылдануға шақырды. Кейін командалар көрерменге қызықты ойын көрсетті.
Қорытындысында Переметныйлық ардегерлер топ жарса, олардан басқаға есе жібермеген Егіндібұлақ командасы екінші, Железновтықтар үшінші орынға жайғасты. Белсенді қатысқан жергілікті ойыншыларға мадақтау қағаздары табыс етілді.
Волейбол алаңында ширақтық танытып, командасын жеңіс тұғырына сүйреп, керемет ойын өрнегін көрсеткен Б.Мусалимов «Үздік ойыншы», С.Наконечный «Үздік шабуылшы», К.Иржанов «Үздік байланыстырушы» аталымдарына ие болды.
- Турнир Тәуелсіздік тойын ұлықтауды және ардагер спортшылар достығын нығайтуды көздеді. Қатысушылар өздерінің әлі бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Алдағы уақытта турнир өз жалғасын табады, - дейді Шалғай ауылдық округінің әкімі Т. Кантемиров.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы