30.11.2021, 10:10
Оқылды: 70

Асыл мұрат алға жетелейді

Биыл барша қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Тәуелсіздіктің осынау 30 жылында жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз екшеліп, алдағы асулар мен міндеттер көкжиегі саралануда. Осы кезеңде саяси бағыт-бағдарымыз айқындалып, Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын нық  шегелегені де көпке мәлім.  Жасыратыны жоқ, ел шекарасын делимитациялау және демаркациялауда ҚР-ның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаев өте ұтымды жол таба білді. Әрі тәуелсіздікті жариялап қана қоймай, оны халықаралық тұрғыда мойындату үшін тиісті құқықтық құжаттармен бекіту мәселесі қатар жүріп отырды. Нақтырақ айтсақ, 1990 жылы 25 қазанда өткен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында тұңғыш рет қазақ мемлекеттілігінің егемендігі туралы мәселе қаралып, онда тарихи маңызды құжат – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Осы бір қысылтаяң шақта аталмыш құжатты қабылдаудың өзі оңайға түскен жоқ. Десек те егемендікті баянды еткен бұл Декларация тұңғыш заңнамалық акт болып тарихта қалды. Осылайша қазақ елі сыртқы саясатта толыққанды объект ретінде өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға мүмкіндік алды.

WhatsApp Image 2021-11-30 at 09.58.57

Сонымен қатар қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту һәм олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту – аса маңызды мiндеттердiң бiрi болып табылатыны аталмыш құжатта тайға таңба басқандай айшықталды. Әрі еліміз табиғи байлықтары мен халқымыздың мәдени және тарихи қазыналарын өз меншігіне алды. Мұның барлығы қазіргі  уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясымен және өзге де заңнамалық актілерімен бекітілді. Қысқасы, мұның бәрі 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Заңның қабылдануына негіз болды. Тәуелсіздіктің бастауы болған бұл қос құжат осылайша бір-бірімен терең үндестік тауып, біртіндеп ел іргесі бекіп, Қазақ мемлекеті өз даму жолына түсті. О бастан қазығы берік қағылған сындарлы саясаттың нәтижесінде көпұлтты Қазақстан халқы небір қысылтаяң шақтарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, кездескен барлық қиындықтарды еңсере білді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрғанын айта келе, тәуелсіздік, егемендік идеяларының құндылықтарына баса назар аударды. Сондай-ақ осы аралықта еліміз жаңа мемлекет ретінде қалыптасып, халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналуы және тұрақты даму жолына түсуі - басты жетістігіміз екеніне ерекше тоқталды. «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы»  деп Президент  Жолдауында нақты атап  көрсетті.

Айта кетелік, егемендік жылдарында Әділет органдары да өз қызмет шеңберлері аясында жүктелген мемлекеттік міндетті қалтқысыз орындауға қызмет етті.

2002 жылы 18 наурызда Қазақстан тарихында тұңғыш рет Әділет құрылымдарының қызметін ұйымдастырумен қатар қызметкерлердің мәртебесін айқындайтын  «Әділет органдары туралы»  арнайы Заң қабылданды.

Қазір соған сай мемлекеттiк құрылымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, түрлі ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк құрылымы болып табылады. Жалпы бұл салаға,  яғни ҚР Әділет министрлігінің аумақтық құрылымдарының құзыреттеріне коммерциялық емес заңды тұлғаларды тіркеу, құқықтық көмек пен заң қызметтерiн көрсетудi ұйымдастыру, аталмыш салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру және оны  жүзеге асыру, зияткерлiк меншiк құқық­тарын сақтау мен мүлтіксіз орындау міндеттері жүктелген. Осы бағытта облыстық Әділет департаменті де өз қызмет арналарын заман талабына сай бұрып, асыл мұрат пен биік  мақсат  жолында  табандылық  таныта  бермек.

Естай Рашқалиев,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале