19.03.2015, 10:45
Оқылды: 63

Бірлікті бекемдеген күн

izobrazhenie_168


Көрісу айты күні  «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» аясындағы эстафетаны табыстау үшін Бөкей ордасы ауданының делегациясы Жаңақалаға келді.


Нарын құмын бөле жайлаған көршілердің атынан келген 150 өнерпазды жаңақалалықтар айрықша қарсылады. Таңғы 8-де ауылға кірер тұста кілем жайып, ақ ұсынып, домбыраның қоңыр күмбірімен көліктерінен түсіріп алып, көрісе бастады. Сосын еліміздің көк байрағы мен Ассамблея туларын жайқалта ұстаған төрт аттылы қонақтардың көшін бастап, ауылға кіргізді. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға 14-інен бастап дағдыланған жаңақалалықтар алаңға ақ шаңқан үйлерін тігіп, көрші аудан өнерпаздары мен Қоғамдық келісім кеңесінің І форумына келген қонақтарға келісті композиция қойды. Қонақтарды «Айзере» әжелер ансамблі шашу шашып, «Ақ босаға» келіндер ансамблі сәлем салып, сал-серілері мадақ жырымен қарсылап, өздеріне арналған орындарына жайғастырды. Сосын алаңға жиналғандар мекемелердің Қазақ хандығының 550, Жеңістің 70, Ассамблея мен Конституцияның 20 жылдық мерекелеріне орай тақырыптық шеруін тамашалады. Шеру өткеннен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазақстан халықтары облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарының әкімдері Нариман Төреғалиев, Нұрлан Рахымжанов, Нұрлан Бекқайыр, Мұрат Мұқаев сахнаға көтерілді. Аудан әкімі Лавр Хайретдинов салтанатты шаралардың ашылғандығын мәлімдеп, қонақтарға «қош келдіңіз» айта сөз сөйлегеннен кейін сахнадан орын алған қонақтар қауымды мерекелерімен құттықтады. Содан кейін жүргізушілер ауданның құрметті қонақтарын, ақсақалдарды мерекелердің құрметіне орай тігілген үйлерден дәм ауыз татуға шақырды. Осы кезде тайқазаннан Наурыз көже үлестіру басталып, мерекенің сәні ене бастады. Мәңгілік алауға, «Күйшілер» аллеясына  гүл  шоқтары  қойылды.

Сағат тілі 11-ге тақағанда жаңақалалықтар бөкейордалық көркемөнерпаздардың жанды ләззатқа бөлеген өнер кешіне куә болды. Шара шымылдығы Орда өлкесінің тыныс-тіршілігімен таныстырған бейнебаянмен ашылған соң бөкейордалық өнер шеберлері сан тілде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашты. «Халықтық» ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар», Н. Тілендиевтің «Махамбет поэмасы», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Д. Шостаковичтің «Вальс №2» туындыларының сырлы да сиқырлы сазы көрерменді бірден баурап алды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған арнайы қойылым да көпшіліктің көңілінен шығып, өнерсүйер қауымның көңілдеріне көрік берді.

Достық, тұрақтылық, бірлік пен берекені паш еткен өнер мерекесінде өзге ұлт өкілдерінің ән-жыры да әуеледі. Әсіресе, көрермендердің делебесін қоздырған Г. Ахметованың орындауындағы «Меланколие» әні болды. В. Добрыниннің «Все, что есть у меня» әнін шебер шырқаған Р. Қажғалиевтің өнеріне де ел сүйсінді. Аққудай қалықтаған «Орда гүлдері» үлгілі би ансамблінің  бишілері «Достық» биін өз деңгейінде орындап шықса, В. Елемесова мен С. Губашева орындаған соғыс әндері поппуриін жұртшылық жылы қабылдап, қосыла шырқады.

Сәні мен салтанаты келіскен кеш соңында сөз алған аудан әкімі Лавр Рашидұлы Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановқа алғысын айтып, өнерлерімен өрге жүзген ордалық өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, ықылас гүлін тарту етті.

– Қасиетті Жаңақала жеріне аяқ басқан бөкейордалық қауым, қош келдіңіздер! «Еліміздің негізгі байлығы – ынтымақ, достық. Осының негізін салушылар – біздің ата-бабаларымыз. Біз осы дәстүрді бұзбай, нығайтуымыз керек. Біз күнделікті әр ұлттың үнін, дауысын естуіміз керек» деген Елбасымыз бар әлемге ұлттар татулығының үлгісін көрсетуде, – деген аудан әкімі Л. Хайретдинов аталмыш мегажобаның түпкі мақсаты да жұмылып жұдырық болған жұртымызды игі істер мен ізгі мақсаттарға табыстыру екендігіне тоқталды.

Ыстық ықыласты қабылдауға алғысын жеткізген Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов қос ауданның жан-жақты қарым-қатынасының нығая  беретініне  сенім  білдірді.

– Талай ғасыр бойы өзге ұлттың баласын бауырына басқан қазақ халқының мәртебесі биіктей берсін. Ұлттар келісімі жасасын! Берекелі елдің басынан бақ кетпесін, – деген Нұрлан Сағынтайұлы мегажоба эстафетасын Лавр Рашидұлына табыстады.

Түс ауа «Достық» алаңындағы «Құрмет тақтасының» ашылу рәсімі жасалып, оған форумға келгендер де, бөкейордалықтар да қатысты. Аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы қос баннердің бірін Бөкей ордасы ауданынан келген еңбек ардагері Ескендір Есімов пен Мәлік Құлшар ашса, екіншісінің бетіндегі жабынды соғыс ардагері Арыстанғали Қойысов пен Ғайса Қапақов түсірді. Жүргізушілер тақтадағы әрбір жанды таныстырып шықты. Сосын Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ажғалиев соғыс ардагерлері Мұрат Мирманов, Мәжит Жаданов, Арыстанғали Қойысовқа көрісе кіріп, ерлігі үшін ел атынан алғысын айтып, «Біздің сіздерге деген ыстық ықыласымызды сезіне жүріңіздер» деп түйе жүннен жасалған жамылғы тарту етсе, көп балалы жас жанұялардың үйлеріне бас сұғып, ізгі тілектерін тілей отырып, «Бүгінде сәл нәрсеге заманды кінәлап, 1 ұл, 1 қыз өсіру үрдіске айналған сәтте 6-7 баланың ата-анасы атануға бел байлаудың өзі, оларға жақсы тәрбие беріп, азамат қатарына қосу ерліктің төресі дер едім» – деп түсініктеріне бас иетінін айтып, бөкейордалықтар атынан сый-сияпат ұсынды.

Ордалықтардың мегажоба аясындағы шаралары мұнымен тоқтап қалмады. Олар «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының» ем алушыларына да концерт қойып, халықтың алғысы  мен  қошеметіне  бөленді.


Қаһарман САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

Гүлжанат ТАЛҒАРҚЫЗЫ,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале