Кеше Казталов ауданында Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Казталов ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Айтысқа Маңғыстау, Атырау облыстары мен Алматы қаласының, Казталов, Сырым, Жаңақала, Теректі, Ақжайық аудандарының жас ақындары қатысып, бақтарын сынады.
Ақындардың өнеріне Ақжайық айтысының көшбасшысы, журналист, жазушы, Қазақстан жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, Жетінші алтын домбыраның иегері, ақын қыз Жансая Мусина, айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпазы Талғат Мықи, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қазылық етіп, шайырлар өнеріне өз бағаларын берді. Айтыс шымылдығын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл мен Атырау облысынан келген ақын Алшынбек Мұқанғалиев ашып өнерге сусаған халықтың шөлін жырларымен сусындатты. Ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен сырымдық Қондыкер Елеуов жырсүйер қауымға аға мен іні арасындағы айтыс өрнегін көрсетті. Ал сырымдық Санат Каримов пен теректілік ақын Әділ Ахметовтың жұбы осалдық танытып, бірі оза шауып, бірінің бабы болмады ма, әйтеуір іркіліп қалды. Айтыстың І айналымын алматылық ақын Райымбек Өтепов пен маңғыстаулық ақын Сәндібек Ботабаевтың тартысты бәсекесінен соң, жерлес ақынымыз Естеміс Мұқанбетов пен атыраулық ару Фариза Жетпісбаева қыз бен жігіт айтысымен түйіндеді. Қазылар алқасы екінші айналымға жас ақындар Райымбек Өтепов, Алшынбек Мұқанғалиев, Мейірман Шәкенов, Сәндібек Ботабаевтың өткен хабардар етіп, суырылып оза шапқан төрттік ІІ кезеңнің шырайын келтірді.
Жыр додасын тамашалуға келген халық санында шек болмады. Дегенмен, ұйымдастырушылар оны да ескеріп, арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырды. Айтысты «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан да тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік туды. Осындай мүмкіндік арқылы жыр бәсекесін тамашалаған Қазақстанның Құрметті журналисті Серік Жұмағалиев ағамыз жас ақындардың айтысы жөнінде пікірін білдіріп, редакциямызға алғысын жеткізді.
- Жас ақындардың республикалық айтысы киелі Казталов топырағында өткеніне риза болып отырмыз. Хадиша Бөкеева апамыздың туған топырағы, айтыс ақыны, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиевтің ән-жырлары (Айман-Шолпан лироэпосы) шырқалған сахнада жас ақындардың өршіл де, дауылпаз үндерінің естілуі - үлкен қуаныш. Халқымыздың осындай қастерлі өнерін ауданда ұйымшылдықпен өтуіне атсалысқан атқамінерлерге рахмет айтамыз. Кешегі өткен жас боксшылар жарысы, бүгінгі ақындар айтысы Казталов ауданының өнер мен спорттағы келбетін тағы да айшықтай түскендей. Тікелей эфирді жүргізіп, көруге мүмкіндік жасаған «Ауыл айнасы» газеті журналистеріне ризашылығымызды білдіреміз. Ел Тәуелсіздігі мәңгілік болсын!, - деді ол. Ауыл тұрғыны, Казталов мектеп-лицейінің мұғалімі Абзал Есенғазиев айтыс ақындарына өз бағасын берді.
- Жалпы бүгінгі күн ауданымыз үшін ерекше күн деп білемін. Себебі бүгін аудан орталығында «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық жас ақындар айтысы өтуде. Бұл айтыста төл өнерімізді насихаттап жүрген Оралдық жас ақындар мен Маңғыстаудан, Атыраудан келген замандастарымыз өнер көрсетуде. Соның қатарында Орынбек Мендіқұл, Райымбек Өтепов, Әділ Ахметов, Естеміс Мұқанбет секілді елдің алдында жүрген жас ақындар сөз құдыретін домбыраға салып, шабыттың биігінен көріне білді. Маңғыстаудан келген Сәндібек атты бауырымызда шалғайдан келіп, Қосөзеннің тарихын түгендей білді деп білемін. Атыраудан келген Фариза атты қарындасымыз да айтыстың көркін қыздыра түсті. Айтыста өнер көрсеткен басқада ақындарға тек айтарымыз алғыс қана. Осындай рухани бағыттағы айтыстар өз жалғасын таба берсін дегім келеді, - дейді ұстаз.
Қазақ өнерінің төрінен ойып тұрып орын алған айтыс 2009 жылдан кейін ауданымызға қайта оралды. Алатау мен қарт Каспий, ерке Жайық ақындарының басын қосқан айтыс өз мәресіне жетіп, шын мықтылар анықталды. Айтыс қорытындысы бойынша Орынбек Меңдіқұл, Әділ Ахметов, Қондыкер Елеуов, Санат Кәрімов ынталандыру сыйлығын қанағат тұтса, «Қыз бен жігіт» айтысының көркін қыздырған Естеміс Мұханбетов пен Фариза Жетпісбаеваға арнайы сыйлық табысталып, атыраулық айтыскер ақынға жерлес ақынымыздың және Қосөзен елі атынан шапан жабылды.
Оралым, саған көңілім тарқасын ба,
Оралдық ағайыным бар қасымда.
Әлі талай айтыста топ жарамын
Оралдың шапанының арқасында, - деп Фариза Амангелдіқызы Батыс жұртшылығына өз ризашылығын білдірді. Республикалық жас ақындар айтысында жүлделі ІІІ орын маңғаз өлке Маңғыстаудан келген Сәндібек Ботабаевқа бұйырса, ІІ орынды Қаратөбе ауданының тумасы, Алматының білімгері Райымбек Өтепов, І орынды Атырау облысынан келген ақын Алшынбек Мұқанғалиев иеленді. Жыр додадысынң бас жүлдесін қанжығасына байлаған Ақжайық ауданының ақыны Мейірман Шәкенов:
-Тұлпарың шапса бермейді басты деген,
Жақсы екен абыройың асты деген.
Әділгерей мен Казталовқа алғыс айтам
Осы айтысқа жинаған кіл жасты деген.
Бауыржан ағама да алғыс айтам,
Айтсын деп алдыртып ед(і) тасқын өлең.
Казталов мен саған басымды ием
Өзімнің ауданымдай жақсы көрем, - деп алғысын жеткізді.
Марапаттау салтанатында айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Халиолла шайырларымыздың айтысына бағасын беріп, сыны мен мінін айтып, топқа қосқан жыр сәйгүліктеріне сәттілік тіледі.
Казталов ауданы әкімі Альберт Есалиев аудан халқы атынан республикалық айтыс қонақтарына, жеке кәсіпкер Самат Хамзаұлына алғысын білдіріп, қазылар алқасының құрамына естелік сыйлықтар табыс етіп, аудан халқы атынан Ақжайық айтысының көшбасшысы Бауыржан Халиоллаға тұлпар тарту етті.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz