Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және Қазақстан волонтерлар лигасының ұйымдастыруымен «Білімділер бәйгесі» атты зияткерлік сайысы өтті.
Байқауға Бөрлі, Бөкей Ордасы, Қаратөбе, Казталов аудандарынан келген білімді де білгір оқушылар қатысты. Аталмыш додада Бәйтерек ауданының намысын Дариян ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының командасы қорғады.
Үш кезеңнен тұратын зияткерлік сайыстың «Бәйге» аталатын бірінші кезеңінде қатысушылар бір минут ішінде қойылған сұрақтарға жауап беру керек болды. Әр дұрыс жауап бір ұпаймен бағаланды. Бұл кезеңде қатысушылардың біліктілігімен қатар шапшаңдығы да сыналды. Ал «Жорға» кезеңінде бақ сынаушыларға үш логикалық сұрақ қойылса, қорытынды «Дода» кезеңінде оқушылар экранда көрсетілген ұяшықтардағы сауалдарға сүрінбей жауап беруге тырысты.
Сайыс қорытындысында бабы мен бағы қатар шауып, қарсыластарының алдын ораған «Дариян» командасы екінші орынға ие болды.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz