Бәйтерек ауданы Махамбет ауылындағы орта мектеп ұстаздары қолға алған «Жұлдызды бейсенбі» жобасы жалғасуда. Ауданның, облыстың атын шығарып жүрген, қоғамда өз орнын тапқан азаматтар мен азаматшалардың өмірі мен өнерін жастарға үлгі ету мақсатында өтетін кездесуге белгілі футболшы, «Ақжайық» футбол клубы тарихындағы үздік шабуылшылардың бірі, осы күні бапкерлік жолын бастаған Алексей Мальцев келді.
Орал футболының түлегімен кездесуге мектеп оқушылары көптеп жиналды. Әсіресе нөмірі бірінші спортқа қызыққан жеткіншектер асықты. Футболшыны қарсы алған мектеп директоры Алтынбек Өтебалиев қадірменді қонаққа қош келдің айтып, шәкірттерге таныстырды.
Кейін жиналғандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. "Футболшы болам" деген балалардан кеңесін аямаған Алексей Мальцев тәртіп, еңбекқорлық, дұрыс тамақтану жайында толық мағлұмат берді. Сондай-ақ қазақ футболы, үздік футболшылар жайында да әңгіме өрбіткен қонақ өмірін спортпен байланыстырсам деген оқушыларға қолдау білдіріп, спортшы болудың да өзіндік қиындықтары мен жауапкершілігі болатынын ескертті.
-Бала күнімнен жасыл алаңда жүрмін. Жеңістің тәттісін де, жеңілістің кермек дәмін де көрдім. Ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт сүйікті спортымнан алшақтап кеткен кездерім де болды. Бірақ алға қойған мақсатыма жету жолында аянбадым. Сіздерді де арман жолында аянбай еңбектенуге шақырамын. Барлығыңыз кәсіпқой футболшы болмауларың мүмкін. Бірақ жақсы адам болу – әр азаматтың парызы,- деді сөз барысында атақты футболшы.
Өткен жылы мансабын аяқтап, бапкерлік жолын бастаған Алексей кездесу барысында бапкерліктің де қыр-сырын ұға бастағанын тілге тиек етті.
Қызықты кездесу соңында ұстаз Лунара Жәлелова білім ордасының шақыртуын қабыл алған қонаққа ризашылығын білдіріп, оқушылардың өз қолымен жасаған сый-кәдесін тарту етті. Өзінің балалық шағында мұндай кездесулер көп өтпегенін айтқан футболшы құрмет көрсетіп, қарсы алған оқушылар мен ұстаздарға алғысын білдірді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz