3.12.2021, 10:40
Оқылды: 68

Пайдаланылмай жатқан жер салығы артады

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салықтың базалық мөлшерлемесі 20 есеге дейін артады. Бұл шара жер иелерінің пайдаланбайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуына экономикалық тұрғыда әсер ету үшін жасалуда.

40E7D9C5-3590-4CEF-AF49-C0AF6DD46C84

Облыстық жер қатынастары басқармасының берген мәліметінше, өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу бағытында жұмыстар жалғасуда. Соңғы үш жылда пайдаланылмаған 1 млн. 172 мың гектар жер анықталған. Соның ішінде 251 мың гектар жердің игерілмей жатқаны биыл белгілі болған. Осы іс-шаралардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан жердің 174 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Соның 80 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайтадан енгізілген. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан 622 мың гектар жерді иелері мақсатына сай игеруді бастады. Қазір облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі – 376 мың гектар.

Ауыл шаруашылығы жерлеріне сұраныстың көбеюіне байланысты жер учаскелері конкурстар арқылы табысталуда. Бұл жерлер осылайша экономикалық айналымға енгізіледі. Жалпы, 2019 жылдан бері  агроқұрылымдарға  1 млн. 246 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері берілген. Айта кету керек, облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер  7755,8 мың гектар болса, бос жерлер – 3267,9 мың гектар.

Ясипа Рабаева,

 zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: m.azh.kz. 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале