Жылқы жылы Жаңқаевтар үшін табысты жыл болды. Қолдағы бар қаржыларын сауда-саттыққа жұмсап, одан мол кіріс те алуға болатынына көздері жетті. Сол себепті шығар, кәсіпкерлігін дамытуды ойлап, мемлекет бағдарламасына жүгінуді жөн көрді. Лаура Хамиева орталықтан балалар кафесін ашу мақсатында «Жұмыспен қамту- 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге қаражат алды.
– Тиімдісі сол – жаз бойы ата-аналар кішкене бүлдіршіндерін жанымызда тұрған мәдениет және демалыс саябағына алып келеді. Балалар асыр салып ойнайды, кішкенеден кейін су, тәтті сұрап, дүкенге қарай жүгіреді. Осыны байқап, «Сәбилер үшін неге кафе ашпасқа?» деген оймен бизнес-жобамызды жасадық. Бұл ойымызды жұмыспен қамту мекемесі де қолдап, несие алуымызға көмек етті, – дейді Лаура Самиғоллақызы.
Өткен жылдың тамыз айында болашақ кафенің қабырғасы бой көтерген еді. Құрылыс жұмысы тез жүріп, заманға сай келбетті ғимараттың сырты салынып бітті. Енді күн жылынған соң ішкі әрлеу жұмыстары мен тағамға арналған құрал-жабдықтарды түгендеп, балалар кафесін іске қосу ғана қалды.
Демек, Шыңғырлаудағы балаларға арналған жаңа кафе көп күттірмей балдырғандар мен ата-аналарға есігін айқара ашпақ.