3.12.2021, 12:50
Оқылды: 43

Батыс Қазақстанда соңғы айда 97 оқушы мен 19 мұғалімнен коронавирус анықталды

Батыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бері 97 оқушы, 19 мұғалімнен коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, 1 қарашадан бері барлығы 771 науқас тіркелді.

Соның 423-і (55 пайызы) ЖРВИ белгілері бойынша тексерілсе, 201-і (26 пайызы) профилактикалық мақсатта қаралған. 132-сі (17 пайызы) бұрын ауырғандармен байланыста болса, 15-інен (2 пайызы) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.

Осы айдың алғашқы күндері 32 адамнан індет табылды.

Соңғы аптада (26 қараша – 2 желтоқсан) алдыңғымен (19-25 қараша) салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 15 пайызға (140-тан 119-ға) төмендеді.

М.Арыспаевтың айтуынша, облыс бойынша 381 мектепте 114 674 оқушы білім алуда. Солардың арасынан 1 қарашадан бері ауырған 97 шәкірттің бәрі де коронавирусты үй ошағында жұқтырған.

Казталов ауданында К.Меңдәлиев атындағы орта мектептің 6 және 10-сыныптары, Оралда №9 мектептің 9-сыныбы карантинге жабылды.

Білім ордалаларында 16 052 мұғалім жұмыс жасаса, солардың 13 420-сы вакцина алған. 1 қарашадан бері сырқаттанған 19 педагог отбасында бұрын ауырғандармен байланыста болған.

Сондай-ақ осы мерзімде орта кәсіптік білім беру колледждерінде 12, ЖОО-да 14 студенттен коронавирус табылды.

Осы кезге дейін 6136 студент вакцинаның бірінші, 5982-сі екінші компонентімен егілді.

«1 желтоқсаннан бері 6 оқушыдан, оған қоса арнаулы орта оқу орындарында білім алатын 1 студенттен індет табылды.

Мұғалімдер мен оқушылар, студенттер мен қызметкерлер арасында күн сайын мониторинг жүргізілуде. 1 қарашадан бері 72 адамның үй карантинін бұзғаны белгілі болды.

Соның 61-і – «қызыл», 11-і – «сары» мәртебесі бар адамдар.

Оларға қатысты 1 млн астам теңгеге 24 әкімшілік хаттама толтырылды», деді М.Арыспаев.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале