7.12.2021, 11:40
Оқылды: 17

«Ақын – қорған, тілі – алмас»

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультеті қазақ филологиясы бөлімі студенттерінің қатысуымен «Ақын  –  қорған,  тілі  –  алмас» атты әдеби кездесу кеші өтті. 

8cda356d-d784-4aaf-9a27-b515f35a304b

Ақын, айтыскер, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла кештің құрметті қонағы боп кеп, өлең туралы, өнер туралы сыр шерткен ақын мен студент жастар арасы емен-жарқын сұхбатқа ұласты. Іс-шара барысында ақынның «Еске түссе ертегі», «Әпенділік әрекет», «Бірбеткей», «Кей кезде...» өлеңдері оқылып, күмбірлеген күй орындалды. Бауыржан Халиолланың  әні мен сөзіне жазылған «Шерлі шағала» әнін ақынның жас шәкірттерінің бірі Әділ Ахметовтің орындауында ыстық ықыласпен қабылдады.

Студент жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кеш барысында студенттер ақынның өлең жинақтарындағы туындыларға талдау жасады. Ақын өз сөзінде ерте есейткен балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі өлең өнерінің биігін бағындырған жетістіктерінің сыры талант пен табандылықтың, адал еңбек пен жауапкершіліктің қатар жүргенде ғана биік белестерге шығатынын қарапайым ғана тілмен жеткізіп, студент жастарға мотивация боларлықтай кеш сыйлады. Айтыс өнерінің биігін бағындырып жүрген университетіміздің түлектері, ұстазымыз Жансая Мусина мен Талғат Мықи да кеш қонақтары қатарынан төбе көрсетіп, қонақ кәделерін өлеңмен тарту етті. Тағылымы мол кездесу кемел ой мен мақсатты келешекке ұмтылған, өлең сүйген, өнерді қадірлейтін жастар үшін жарқын сәттердің бірі болғаны айқын.

Әдеби кездесу кешін ұйымдастырған Рита Бекжанқызы кеш қонағы ақын Бауыржан ағамызға ұстаздар атынан  алғысын білдіріп, «Өнердің қорғаны, айтыс өнерінің жанашыры боп, қорғасын жырларыңыз әдебиетіміздің поэзия қоржынын толтырып, елдің ақыны боп жүре беріңіз» деген ақ тілегімен әдемі кешті түйіндеді.

Қазына Файзуллина,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың 4-курс студенті

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале