2022 жылы тауарлар экспорты 70,4 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Болжамдық раунд аясында Ұлттық банк төлем балансы көрсеткіштерін бағалауды жаңартты. 2021 жылы ағымдағы шот дефициті өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 34,7 пайызға қысқарып, (-) 4,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде күтіледі. Базалық сценарий кезінде салынған мұнай мен металдың жоғары бағасы 2022 жылы 1,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі профицитке алып келеді. 2022 жылы тауарлар экспорты әлемдік сұраныстың қалпына келуіне байланысты негізгі экспортталатын шикізат тауарлары бағасының өсуі есебінен 70,4 млрд АҚШ долларына дейін 18,6 пайызға өседі», - деді Ерболат Досаев.
Оның атап өтуінше, төлем балансы әдіснамасы бойынша тауарлар импорты халық пен бизнес тарапынан сұраныстың өсуі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру есебінен 40,9 млрд АҚШ долларына дейін 6,8 пайызға ұлғаяды. Жоғары бағаларға және мұнай мен металл өндірісінің көлеміне байланысты шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің 4,0 пайызға артуына қарай кірістер балансының дефициті 24,5 млрд АҚШ долларына дейін 4,6 пайызға өседі.
«Осылайша, энергия ресурстарына бағаның өсуіне байланысты ағымдағы шоттың жақсаруы импорт бойынша кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы жағынан да, шетелдік инвесторларға төленетін төлемдердің өсуі жағынан да қысыммен тоқтатылады. Бұл, өз кезегінде, валюта нарығына қосымша қысым жасайды», - деді ҰБ төрағасы.