Оңтүстік Корея халқының жалпы саны биыл алғаш рет азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат YONHAP агенттігіне сілтеме жасап.
Корея статистикасының соңғы болжамына сәйкес, елдің жалпы халқының саны өткен жылы 51,84 миллионға жеткен, ал биыл 51,75 миллионға дейін төмендеді. Агенттіктің соңғы дерегі 2018 жылы Оңтүстік Корея халқының саны 2029 жылы азая бастайды деп болжанған бұрынғы бағалауынан әлдеқайда нашар. Әдетте, халықтың жалпы саны туу және өлім деректері негізінде есептеледі. Қазіргі жағдай ел халқының жалпы саны 2030 жылы шамамен 51,2 миллионға дейін, ал 2070 жылы 37,7 миллионға дейін азаюы мүмкін екенін көрсетті.
Соңғы болжам Оңтүстік Кореяда ту көрсеткішінің төмендеуі және тез қартаюымен байланысты демографиялық мәселелердің қордалана бастағандығын көрсетеді. Өткен жылы ел халқы алғаш рет табиғи азаюдан зардап шекті, өйткені өлім-жітім жаңа туған нәрестелерден асып түсті. 2020 жылы еңбекке жарамды халық немесе 15 пен 64 жас аралығындағы адамдар жалпы халықтың 72,1 пайызына жетіп, 37,4 миллион адамды құрады. Еңбекке жарамды халық санының азаюының жалғасуы елдің өсу әлеуетіне нұқсан келуі мүмкін деген қауіпті туындатып отыр. Өткен жылы қарттар 8,15 миллион адамды немесе жалпы санның 15,7 пайызын құраса, 2024 жылы 10 миллионнан, 2070 жылы 17,5 миллионнан асады немесе жалпы халықтың 46,4 пайызын құрайды деп болжануда.