Коронавирусқа қарсы екпенің аралық дозасын бастапқы вакциналау аяқталғаннан кейін үш айдан кейін егуге болады. Мұны Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Бұдан ертерек еуропалық реттеуші алдын алу препараттарын араластыра пайдалануды қолдаған болатын. Соңғы шешімді ұлттық реттеуші органдар қабылдайды.
«Қазіргі жағдай бойынша, аралық дозаны (ревакцина-авт.) алты айдан кейін салдыртуға кеңес берілген. Алайда қазіргі кезде қолда бар ақпаратқа сәйкес, қоғамдық денсаулық сақтау жөн деп тапса, аралық дозаны бастапқы вакциналау аяқталғаннан кейін үш айдан кейін егуге болады», - деді EMA Денсаулыққа қауіп және вакциналау стратегиясы департаментінің басшысы Марко Кавалери.
ДДСҰ міндетті вакциналауды соңғы шара деп санайды, дегенмен Аустрия билігі 14 жастан жоғары ел азаматтарына екпе салдыруды міндеттеп отыр. Аталған санатқа аяғы ауыр әйелдер, алты ай ішінде ауырып шыққандар және екпе салдыруға рұқсаты жоқ адамдар кірмейді. Португалия билігі 21 әуе компаниясы мен 600 жолаушыны санитарлық талаптарды бұзғаны үшін жауапқа тартты. 1 желтоқсаннан бастап әуежайға қонған барлық туристер коронавирус тестінің теріс нәтижесін ұсынуы тиіс. Егер азамат тестілеуден өтпеген болса, әуе компаниясына айыппұл салынады. Бұл ереже 9 қаңтарға дейін қолданыста болады.