14.12.2021, 16:00
Оқылды: 48

Бастысы, ел болдық

Еліміздің сән-салтанаты мен мерейінің үстем болуында қашанда нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр. Қазіргі қоғамда әйелдің нәзік қолы болаттай беріктікпен техника жүргізіп, құрылыс салады. Ұшақ басқарып, ғарышқа ұшады. Шындығында да, әйел адам меңгермеген кәсіп  қалмаған да шығар. Шындығына келсек, ел егемендігінде нәзік жандылардың қолтаңбасы бар. Сондай жанның бірі – мемлекеттік қызметте 32 жылдық өтілі бар Жұмағыз Даужанова. Байқап отырсыздар ма, егемендікке – 30 жыл, яғни, ол тәуелсіздіктің алғашқы күнінен мемлекеттік қызметте жүрген адам.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 11.43.03

1991 жылы ол ауданның мемлекеттік бюджет қаражаты есебін жүргізетін жауапты қызметте – Теректі ауданының экономика және қаржы бөлімінде еңбек етіп жүр екен.

-Мен осы бөлімге қызметке 1986 жылы, қазіргі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Целиноград қаржы-экономикалық техникумын аяқтаған соң  келдім. Басшымыз Болат Каримов деген азамат еді. «Қайта құру», «тоқырау» деген қаражат жетіспеушілігі басталған жылдар. Кеңес кезіндегі аста-төк қаржының сарқылып, қатаң үнемге отырған кез. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күні қуандық. «Қиындықтар уақытша, бастысы, ел болдық» деп еңбек еттік. Ол жылдардағы еліміздегі жағдайды айтпаса да болады, «көппен көрген ұлы той» деп,  қиындықтарды жеңіп шықтық қой. Қалай болғанда да, мемлекеттік қызметтен кету ойымда болған емес. Сол жылдары бірге қызмет еткен Клара Саматовамен еске ала қалсақ, еліміздің қаншалықты дамып, алға басқанын аңғарамыз. Тізерлеген шаруашылықтар  қазір қанат жайды. Әр үйге таза су тарту, көгілдір отын қолдану сол кезде армандай еді. Қазір соның бәрі бар. Қаржы жағынан да тарықпаймыз. Дегенмен, бар екен деп, қолда барды шаша беруге болмайды. Еліміз тәуелсіз, бақуатты болсын десек, әр адам үнемшіл, қанағатшыл болуы керек. Осы жылдар ішінде түсінгенім – бастысы бірлік,-дейді Жұмағыз Сұлтанқызы.

Міне, тәуелсіз елдің алғашқы мемлекеттік қызметкерлерінің бірі, еліне адал, үлгі болар  жанның сөзі бұл.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале