Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қараоба ауылында «Құрмет» аллеясы ашылды. Салтанатты шараға Казталов аудандық мәслихатының хатшысы Сәрсенбай Молдашев, Қараоба ауылдық округінің әкімі Сәкен Ишанов, ел азаматы тоқырау жылдары ел тізгінін ұстап Казталов ауданының әкімі болған, бұл күнде ауданның «Құрметті азаматы» Нәсіпқали Иманғалиұлы қатысты.
«Ауылына қарап азаматын таны», - дейді дана халқымыз. Жүйелі сөз орнын табадыға салар болсақ, халық даналығы қараобалықтарға лайықты баға іспетті. Туған жерді құрметтеген, ұлттық болмысты насихаттай білген ауыл перзенттерінің игі істері әлі де болса жалғасып келеді. Бүгін мектеп бітіргеніне 30 жыл толған түлектер ауыл орталығынан халыққа «Құрмет» аллеясын сыйға тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағамы бойынша салынған аллеяда Құрмет тақтасы орнатылып, онда Қараоба ауылынан шыққан ҰОС, тыл, еңбек ардагерлерінің жарқын жүзі бейнеленіп, есімдері өрнектелген. Түлектер тарту еткен аллеяға төсемтастар төселіп, тынығу орындықтары және жарықшамдар орнатылған. Аллеяның балабақшаның алдынан орын алуы да тегін емес. Түлектердің өнегелі ісіне ауыл тұрғыны Лаура Бердіғалиева ризашылығын білдірді.
-Ауылымыздың перзенттері, мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған түлектеріміздің бұл ісі біз үшін қуаныш. Елге сыйлы болған, соғыстың тауқыметін бастан кешіп, еңбекке араласқан жандардың есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың борышы деп білер болсақ, ауыл жастары өз парыздарын орындады. «Құрмет» аллеясы тек бүгінгі күннің ғана қуанышы емес, келер ұрпаққа өнеге боларлық игі іс. Ардагерлеріміздің есімін мәңгі жадымызда сақтай отырып, келешек ұрпаққа олардың ізін жалғай білуіміз керек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы игі бастама ұлттық болмысымызды айқындайтын көрініс. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсеткен түлектерге ризашылығымды білдіремін, - деді ол.
Қараоба ауылындағы қуанышты жаңалықтар легі мұнымен толастамады. Елдің азаматы, «Nur Otan» партиясы атынан сайланған жас депутат Қуаныш Ермеков ауыл тұрғыны, жалғызбасты ана Алтынғаным Хайруноваға жаңа баспана тарту етті. Бүгінде перзенттері қияға қонған Алтынғаным анамыздың әуелгі үйі апатты жағдайда деп танылған. Сондай-ақ ескі үйде ауыл тұрғыны от жағып баспанасын жылытқан. Депутат Қуаныш Мерекеұлы ананың назына құлақ түріп, ауыл ішіндегі бос үйдің бірін қайта жөндеуден өткізіп, ұрпаққа үлгі сауапты іске бастамашы болды. Алтынғаным Хайрунованың жаңа қонысы жанға жайлы, көгілдір отынмен, жарықпен қамтамасыз етілген. Ал ауыл тұрғындары асарлатып жалғызбасты ананың шаңырағын тұрмыстық жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Қос қуаныштың арты ауылдық мәдениет үйінде өткен «Елім деп соққан жүрегім» атты мерекелік кешпен жалғасты. Кеш барысында аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев ауыл тұрғындарын ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауданымызда атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, Ғ.Қараш мектеп-гимназиясын 1991 жылы бітірген түлектерге, жеке кәсіпкер, депутат, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Қуаныш Мерекеұлына және ауыл шаруашылық саласының дамуына үлес қосқан азамат Өтеулі Естайұлына аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Сонымен қатар Қараоба ауылдық округінің әкімі Сәкен Ишанов округте Тәуелсіздік жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мен азаматшаларды мерекелік алғысхаттармен марапаттады. Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама жұртшылықтың жүрегіне жылу сыйлады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz