14.12.2021, 23:46
Оқылды: 42

Погодаев төрінде турнир өтті

Бәйтерек ауданына қарасты Погодаев ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қазақ күресінен аудандық ашық турнир өтті. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, қазақ күресіне деген қызығушылықты ояту мақатында ұйымдастырылған бәсекені аудандық қазақ күресі федерациясы мен «Бәйтерек» спорт клубы және Краснов ауылдық округінің әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.

IMG-20211214-WA0175

Өңіріміздің 2005-2006 жылдары туған үздік жас палуандарының басы қосылған байрақты бәсекеге Жаңақала, Тасқала аудандары мен аудан округтерінен келген жігіттер қатысты.

IMG-20211214-WA0174

Ұлт спортын ұлықтаған шараға аудан әкімі Марат Тоқжанов, облыстық қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы, кәсіпкер, меценат «Асанаул» ЖШС басшысы Бейбіт Асанов, аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, аудандық мәслихат депутаты Есен Сүндетов арнайы қатысты.

IMG-20211214-WA0189

- Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтататын сала. Халқымыз қашан да жауырыны жер иіскемеген палуанға құрметпен қараған. Спортпен айналысып, ұлы өнерді өзгеге үлгі етер жастарымыздың саны артып жатқаны қуантады. Талантты жастарды іріктеп, олардың үлкен ареналарда өнер көрсетуіне жол ашу үшін ауданда барлық жағдай жасалуда. Зәулім спорт кешендері де бой көтерді. Күні кеше Погодаев ауылына жергілікті кәсіпкер, меценат Бейбіт Асанов өз қаражатына спорт кешенін салып берді. Енді ауыл балалары алаңсыз жаттығып жүр. Жастарымыз күшін көшеде емес, осындай спорт бәсекелерінде сынап жүргені де тәуелсіздіктің жемісі. Бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін,-деді жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20211214-WA0177

Одан соң сөз алған облыстық қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, аудан әкімі Марат Тоқжанов пен аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы Нұрлыбек Хайруллинге арнайы алғыс хат табыс етті.

IMG-20211214-WA0188

Сонымен қатар спорт жарысының ашылуында Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, педагогика саласының ардагері Иван Митичкин де жас палуандарға ақ жарма тілегін білдіріп, жарыс ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді.

IMG-20211214-WA0182

Жарыс ережесіне сай палуандар 55, 70 және 70 келіден жоғары салмақта сынға түсті. Бір-бірін алып та, шалып та жыққан жас шеберлер қазақ күресінің небір әдісін көрсетіп, ұлт өнерінің әдемі тұстарын паш етті. Әр шалт қимыл мен үздік әдіске қол соғып, қиқу танытқан көрермендер де палуандарды жігерлендірді.

IMG-20211214-WA0183

Жарыс қорытындысында 55 келіде Дияс Аслан мен Айбатыр Миразат үшінші, Асылхан Зинуллин екінші орын иеленсе, шапшаң қимылымен көпті таң қалдырған Жандарбек Сүндетов жеңіл салмақтың чемпионы атанды. Ал 70 келіде болса, Ерасыл Фрунзе мен Ерсұлтан Сатыбалдиев үшінші, Рауан Сатығали екінші, Бекжан Ғалымжан бірінші орын иеленді.

IMG-20211214-WA0179

Көпшіліктің қызығушылығын туғыған ауыр салмақтағы палуандар бәсекесі тартысқа толы болды. Облыс, республика чемпиондары мен түрлі жарыстарда жүлде салып жүрген кіл мықтылар тартысы көрермен көңілінен шықты. Қорытындысында Алихан Сариев пен Мәжит Кенжеғали үшінші, Әділ Қалимолла екінші орын иеленсе, қарсыластарының барлығын бұйым көрмеген Эльнар Жанболат жарыс жеңімпазы атанды.

IMG-20211214-WA0176

Сайыс соңында жарысқа демеушілік жасаған меценат Бейбіт Асанов жеңіске деген жігер танытқан палуандарға және Жаңақала ауданынан келген палуандар мен бапкерлерге өз атынан қаржылай қолдау танытты. Одан бөлек жеңімпаздар мен жүлдегер атанғандарға да демеушілік көрсетті.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале