Жаңажылдық мереке қарсаңында қылқан жапырақты тұқымдастардың жас шыбықтарын қорғау мақсатында орман иеленушілері тарапынан жедел шаралар қолға алынады. Осыған орай Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің арнайы жедел топтар құрып, шыршаны заңсыз кесуден қорғау іс-шаралары атқаруда.
Барша адамзат қуаныш сыйлайтын Жаңа жыл мерекесін жасыл шыршамен қарсы алу дәстүрге айналған. Алайда бір күндік қызыққа бола жасыл шыршаны жаппай кесе берсек не болады? Бірер күндік мерекелік қуаныш үшін көптеген шырша ағашы кесіледі. Ал әр түп шыршаның бір жылда 1 тоннадан астам шаң-тозаңды жұтып, қоршаған ортаға 1,5 мың литр оттегін бөліп шығаратынын ескерсек, өзімізді-өзіміз буындырғандай болмаймыз ба? Сол себепті табиғатқа жанашырлық танытып, орман көркін отауға жол бермейік.
Осыған орай Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі жасыл желегімізді қорғау үшін мемлекет тарапынан заң негізінде шаралар қолданылып жатқанын ескертеді. Әр қылқан жапырақты ағашқа зақым келтірген азаматтарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеді.
Ал тым шектен шығып, орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сондықтан орманның сәніне айналған шыршалардың адам өміріне де пайдалы екенін естен шығармай, оны бір күндік мереке үшін отау ортақ табиғатымызға орны толмас шығындарға әкеп соғатынын ұмытпайық. Орманды сақтау - болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз.
Н.Беккалиев
Дариян орманшысы