24.12.2021, 10:45
Оқылды: 255

Жемқорлықпен күрес – жалпыға ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою, оның ұлғаюына жол бермеу үшін көптеген талаптар қойылып, алдын ала шаралар жасалып жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мекемелер басқа елдің сыбайлас жемқорлықпен күресу тәжірибелеріне сүйеніп, әр түрлі шаралар мен модельдерді үйлестіре отырып, сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейтуде. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де, кемшіліктеріміз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мәселелер де бар. Ол – әлеуметтiк мәселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе – коррупция.

13

Елiмiзде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, оны қадағалайтын мекемелер де, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ «Кім кінәлі, басқару құрылымдары ма?» әлде «Жемқорды түрменің түбінде шірітпейтін, денсаулық жағдайын ойлап жеңіл жаза беретін сот құрылымы ма?» деген сан сұрақ бар.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Құқықтануда сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұ-зу, зақымдау,  параға сатып алу» деген түсінік берсе, орыс тілінің түсіндірме сөздігінде сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Бұрынғы  өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндетті екенін атап өткен болатын. 2021 жылдан бастап шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқартып, үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын өсірді де. Нәтижесінде еңбек-ақысы аз мемлекеттік қызмет жемқорлыққа әкеп соқтыруы мүмкіндігі ескеріліп, жоба қызметшілердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайта түсуі керек еді.

Әй, әттеген-ай!.. Бірақ жемқорлық көріністері азаюдың орнына жемқорлық сомасының миллиондап шарықтауына әкелгені сан соқтырады.

Бұл біздің, ұлттық идеологиямыздың нақты еместігінің бірден-бір дәлелі. Өйткені  қанағаты қарын тойдырмайтын, санасы төмен жемқорлар, қанша миллион алса да, ала берсем деп ойлайды.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, сарапшының жалған қорытындысы, жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беру, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте «Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін» деп мәлімдеді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігін, осы тұрғыда Мемлекет басшысы қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары екенін атап өтті.

Мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің де құрылып жұмыс істеп жатқаны мәлім.

2021 жылдың 16 сәуіріндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет екеніне назар аударды. Осы ретте қабылданған шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керектігін, «follow the money» қағидатының әлеуетіне тоқталып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырды.

Президент қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізіп, модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмау керек екенін айтып, агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырды. Бұл өз тарапында қоғам, бизнес және инвесторлардың өздерін сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге үлес қосатындығын  атап өтті. Нәтижесінде аз уақыт ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың агроөнеркәсіп секторындағы субсидиялауға қатысты кешенді талдаудың алдын ала қорытындылары және нақты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу нәтижелері туралы ақпараты халық сенімін арттырды. Әрі  оң баға берілгені жасырын емес.

Мемлекет қазынасынан ұр-ланған миллиардтарды іздеді, тапты, енді тек  халықтың салығынан құралып, көтермелеуге берілген субсидия сомасын қайтару ғана қалды. Қайтарылуы да міндетті....

Жемқорлықпен күресудің үш буынды моделі ел игілігі үшін жұмыс атқаратындығына сенуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, нақты «проблемалық бағыттарға» көңіл бөлу және оларды шешу – сыбайлас жемқорлықты алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі.

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең  өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күрес тек атқарушы биліктің ғана емес, жалпыұлттық, халықтық мақсатқа айналуы тиіс.  Тек  сонда ғана осы қоғамдық індет тамырына балта шабылады.

Асхат Өкшебаев,

«Заман» жастар қоғамдық

бірлестігінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале