24.12.2021, 16:30
Оқылды: 51

«Омикрон» штамы: БҚО-да шетелден келген 100-ден астам қазақстандық бақылауға алынды

Батыс Қазақстан облысында 4 желтоқсаннан бастап шет елден 116 қазақстандық азамат келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде Мысырдан 69, Ұлыбританиядан 19, Италиядан 13, Германиядан 11 адам келген.

Әлемде «Омикрон» штамының таралуына байланысты олардың барлығы тұрғылықты жері бойынша медицналық бақылауға алынды.

Г.Керееваның сөзіне қарағанда, «Омикрон» штамы 106 елде анықталды. Соңғы деректер бойынша жаңа штамм Жапония, Бразилия, Аустрия, Чехия, Германия және басқа мемлекеттерде тіркелген. Көршілес Ресейде 41 адамның осы дертке іліккені мәлім болды.

«Облыс аумағында «Омикрон» штамы табылған жоқ. Дегенмен COVID-19 эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде SARS-COV-2 жаңа нұсқаларын уақтылы анықтаудың маңыздылығын ескере отырып, ковид табылған науқастардың оң нәтиже қорытындылары Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық сараптама орталығына жіберілді. Бұлар зерттелуде», деді Г.Кереева.

Оның айтуынша, 1 желтоқсаннан бері 280 адамнан індет табылды. Өткен айдың осы мерзімімен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 2,2 есеге азайды. Ал соңғы аптада (17-23 желтоқсан) алдыңғымен (10-16 желтоқсан) салыстырғанда, 28,7 пайызға (80-нен 57-ге) төмендеді.

«Желтоқсан айында 37 оқушы және 8 мұғалімнен, сондай-ақ жоғары оқу орындарында білім алатын 2 студенттен коронавирус анықталды. Олардың бәрі де инфекцияны өз үйіндегі туыстарынан жұқтырған», деді Г. Кереева.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале