Жаңа жыл мерекесіне орай Чувашин ауылдық кітапханасында Достық, Новенький, Трекин, Володар кітапханашыларының ұйытқы болуымен қызықты интеллектуалды ойын өтті.
Жарысқа Достық ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Гүлнәр Мұханғалиева, Чувашин негізгі мектебінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлыхан Байжігітова, тарих пәнінің мұғалімі Гүлфайрус Искакова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Диана Қанатова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Тілекболған Қуанышалиева және ауыл жастары мен мектеп оқушылары қатысты.
Сайыс басында бұрын Чувашин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақзия Сатанова барлық қонақтарға қош келдіңіз айтып,мерейлі мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, кітапхана оқырмандары Адина Шакирова мен Дариға Құлмырза жыр жолдарынан шашу шашып, көңіл – күйді бір серпілтіп тастады.
Екі топқа бөлініп ойынға қатысқан жастар қазақ хандары, атақты тұлғалар, қазақ халқының салт-дәстүрі туралы берілген сұрақтарға ұтымды жауап беріп, сайыс көркін қыздырды.
Додаға түскендер «Түрлі –түсті сұрақтар... ой түртеді», «Шатаспа сөздер», «Білім көзі – кітапта», «Ой толғау» секілді кезеңдерде білімдерін сарапқа салып, жарысты тамашалағандардың көзайымына айналды.
Тағылымы мол сайысты бағалаған әділқазы белсенділік танытқан қатысушыларға диплом және алғысхаттармен марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Шара барысында Чувашин ауылдық кітапханасының кітапханашысы өткен тәуелсіздік және Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырылған сурет байқауының қорытындысын жариялап, бірінші орын иеленген чувашиндік Богдан Дяченкоға, екінші орын иеленген Трекин және Новенький кітапхана оқырмандары Альтаир Ибрагим мен Айша Кенжалиева, үшінші орынға лайық деп танылған Достық, Володар кітапхана оқырмандары Ақбота Тілеген және Ақылбек Мамайға дипломдары мен сыйлықтарын тарту етті.
Шара соңында Володар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Бақытнұр Темешова арнайы жасақталған кітап көрмесімен таныстырды.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
Дариян ауылы
zhaikpress.kz