ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында ұйымдастырылған «Үздік аула» және «Үздік ауыл» байқауы өз мәресіне жетті.
Бүгін аудандық мәдениет үйінде өткен қорытынды кешке жиналғандар ең алдымен көрмені тамашалады. Мұнда қатысушылардың бақша мен сүт өнімдері қойылды.
Айта кетейік, бұл жобаны әу баста ауданымыздың экс-әкімі Арман Өтеғұлов бастаған еді. Қазіргі таңда БҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Арман Кәрімұлы шараға арнайы келді.
— Бір аула түзелсе, қалғандары оған қарап бой түзеп, соңында түгел ел тазалыққа бет бұрары хақ. Ауыл тұрғындары өз ауласындағы тазалық пен әсемдікті естен шығармаса, үздіктер қатары көбейері анық.
Аталмыш жоба одан әрі қарай жалғасын табады деген ойдамын, — деді А.Өтеғұлов.
Жалпы, жобаға 48 тұрғын үй қатысқан.
Кеш барысында БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен аудан әкімі Тілек Габдушев «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» марапаттады. Тінін тарқаталық, ынталандыру сыйлығына Рахимовтар (Федровка а.о), Әлібековтер (Ұзынкөл а.о), Сайфуллиндер жанұясы (Богдановка а.о) ие болды.
Ал 15 аула «Үздік аула» иесі деп танылды. Оларға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар Ақжайық ауылы «Үздік ауыл» атанып, «Газель» темір тұлпарын мінді.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz