Бельгия астанасында тұрғын үй бағасы өсіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Бельгияның статистика басқармасы 2021 жылдың үшінші тоқсанындағы елдегі жылжымайтын мүліктің құны туралы мәліметтерді жариялады. Шолу жергілікті әділет органдарында тіркелген сатып алу-сату шарттары негізінде жүргізілді. Мәселен, 2021 жылы Бельгия астанасындағы пәтерлер орташа есеппен 20 мың еуроға қымбаттады. Брюссель қаласында жылжымайтын мүліктің орташа бағасы 250 мың еуроға жетті, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 8,7% көп. Брюссель муниципалитеттерінің арасында ең қымбат деп танылған үштікке Волюве-Сен-Пьер, Эксель, Волюве-Сен-Ламбер кіреді. Волюве-Сент-Пьер муниципалитеті астананың ең қымбат ауданы, мұнда пәтердің орташа бағасы 2019 жылдың үшінші тоқсанында 290 мың еуродан 2021 жылдың үшінші тоқсанында 350 мың еуроға дейін (60 мың еуроға) өсті. Жылжымайтын мүлік нарығындағы сарапшылардың пікірінше, мұндай қомақты баға еуропалық институттар, кең дипломатиялық корпус және НАТО-ның штаб пәтері орналасқан Бельгия астанасында жылжымайтын мүлікке сұраныстың жоғары болуына байланысты.