Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округіне қарасты Павлов елді мекені табиғи газға қосылды. Облыс орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан шағын ауылды көгілдір отынмен қамту мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келді. Ұзақ жылғы мәселе түйіні өткен жылы мемлекеттік "Нұрлы жер" бағдарламасы арқасында шешілді. Жүзден астам адам, 52 отбасы тұратын шағын ауыл қуанышын елмен бірге аудан әкімі Марат Тоқжанов бөлісті.
-Ел үкіметі адам өміріндегі басты қажеттіліктерді қанағаттандыру жайына үлкен көңіл бөліп келеді. Өткен жылы ауылдарды таза ауыз су, жол және газбен қамту сияқты жұмыстарды ойдағыдай атқардық. Ауданда 68 елді мекен бар. Осы кезге дейін соның 51-інде ғана газ болды. 2021 жылы тағы сегіз ауылға газ тартуды бастадық. Биыл аудан халқының 99,5 проценті газбен қамтылады, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Кейін ауыл тұрғындары атынан сөз алған көпбалалы ана Саражан Есмұханбетова елді қуанышқа бөлеген аудан, облыс басшылығы мен ел үкіметіне ризашылығын білдірсе, тағы бір ауыл тұрғыны Аманбай Аяпов та жылы лебізін білдіріп, ауылдастарын қуанышымен құттықтады.
Газ алауы тұтанған соң аудан әкімі ауылда алғаш болып көгілдір отын қосқан Аяповтар үйіне бас сұқты.
Отанасы Надежда Сохина ауыл газға қосылғанына қуанышты екенін жасырмады.
-Табиғи газдың қосылуы – барша павловтықтар үшін үлкен қуаныш. Ауданда біраз игі іс атқарылғанын естіп біліп жатырмыз. Бұл – елдің дамығанының көрсеткіші. Еліміз дами берсін, ауданымыз көркейе берсін, - дейді үйіне көгілдір отын қосқан Надежда Сохина.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz