Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес облысымызда төтенше жағдай режимі алынғанымен облысаралық шекарада орналасқан №5 блокбекет өз жұмысын тоқтатпады. Осы орайда, Шыңғырлау аудандық мәслихаты депутаттары тосқауылда қызметте тұрған азаматтарға қолдау білдіріп, ыстық тағам беруді ұйымдастырды.
«Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Тағаниязов «Біз депутаттар корпусы атынан қыстың суық күнінде күндіз-түні өз қызметтерін абыроймен атқарып жатқан полиция мен шекара қызметкерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Әйтсе де, «Қаңтар қасіреті» секілді жағдай енді қазақ тарихында орын алмаса екен» деді.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі төтенше жағдай режимі басталғанда Алмаз ауылдық округінің маңынан өтетін Самара-Шымкент трассасының 510 шақырымында блокбекет орнатылған болатын. Онда аудандық полиция қызметкерлерімен бірге шекара қызметкерлері де қызмет атқарады. Аталмыш блокбекет өз жұмысын ерекше өкім жарияланғанға дейін жұмысын тоқтатпайды.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz