Қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бейберекет оқ жаудырды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сонымен қатар, қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бейберекет оқ жаудырып, кездейсоқ өтіп бара адамдарды, дүкендегі сатып алушылар мен көлікті беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді», - деді Қанат Таймерденов. Сондай-ақ, 6 қаңтар күні кешкі сағат 21:30 шамасында Алматы қаласы әкімдігінің жанында әкім Бақытжан Сағынтаевтың да кортежіне оқ жаудырылды.
«Қастандық салдарынан «Алматы» телеканалының қызметкері қаза тауып, тағы үш адам, оның ішінде әкімдіктің екі қызметкері жараланды», - деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға лаңкестер 27 рет әрекет жасады. Бұдан бұрын хабарланғандай, 5 қаңтар күні таңертең Алматыда қала орталығына бір мезгілде 20 мың адам жиналды.
Одан кейін Республика алаңына жиналған мыңдаған шабуылшылар әкімдік ғимаратын басып алуға тағы да әрекеттенген.
Полиция департаментінің басшысы Алматыда лаңкестер 1347 қару ұрлағанын айтты.