17.01.2022, 10:20
Оқылды: 48

Дамудың жаңа кезеңі басталмақ

–    Мемлекет басшысы елдегі жағдайға толық сараптама жасады. Президент халықтың жанын жегідей жеген күрделі мәселелердің бар­лығынан хабардар және оны терең зерттеген. Жағдайды жедел бақылауға алып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін көрсетті. Ол өзінің елдегі ахуалды толық білетінін және оны халықпен бірлесе отырып шеше алатын саяси күш-жігерін айқын танытты.  Ел өмірінде жаңа дәуір басталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет басшысын тағайындап, алдағы уақытта атқарылатын мәселелерді түгел санамалап айтты. Шегелеп тапсырмалар берді. Бұл шешімдер еліміздің дамуына, халқымыздың тұрмысының, әл-ауқатының одан әрі көтерілуіне бағытталған. Халық мұны толық қолдайды. Баршамыз Президент саясаты аясында бірлесіп, тас түйін жұмылуымыз қажет. Президент ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды ұсынды.

IMG-20220114-WA0035

Қалыптасқан күрделі жағдайдан шығу үшін «Қазақстан халқына» әлеуметтік-қоғамдық қоры ашылады. Оның қаржысы қатерлі ауруға шалдыққандардың қымбат еміне, операциясына, балаларға, бұқаралық спортты дамытуға арналған кешендер салуға, қызметтік борышын атқара жүріп, опат болған құқық қорғау, әскери, азаматтық қызметкерлердің отбасына көмектесуге, зардап шеккен аймақтарға көмекке жұмсалады. Президенттің айтуынша, халыққа қазіргі таңда ең керегі – қауіпсіздікті сезіну. Қазіргі кездегі ең басты мәселе – мемлекетіміздің қауіпсіздігі. ҰҚК, Ұлттық ұлан, әскер, полиция толығымен мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғауға әрдайым дайын болуы керек.

Ляна Тұрсынова,

БҚО мәслихатының депутаты, облыстық  іскер әйелдер кеңесінің төрайымы

       ***

«Мың өліп, мың тірілген», тағдыры талайлы тәуелсіз еліміз кезекті келеңсіздікке тап болды. «Кезекті» дейтін себебіміз, соңғы 2-3 жыл бедерінде бүкіл әлем арпалысып жатқан жойқын індет – COVID-19 біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Халқымызда «Жау жағадан алғанда, ит етектен тартады» деген тәмсіл бар. Жұртымыз індеттен арылудың жолдарын жанталаса іздеп, көңіл көншітерлік нәтижелерге жаңа қол жеткізе бастаған тұста ортамыздан ылаң, «қойнымыздан жылан» шығып жатқаны жығылғанға жұдырық емей, немене?! Осындай «ер етігімен су кешкен» сындарлы сәтте ел тізгіні текті азаматтың қолында болғанына мың тәубе!  Мен де жетпіске жетеғабыл жасқа келген, екі ғасырға куә адаммын. Ақылым асып бара жатпаса да, осынау алмағайып кезде аталық сөзім­ді айтып, ойымды ортаға салуды жөн деп таптым.  

E1472F4D-E2A6-43EF-B4D0-7D15ADFB181B

Иә, «Еліміз егемендігіне қиын да ұзақ жол жүріп жетті. Енді сол егемендікті сақтау, баянды ету одан да қиын» дегендей тәмсіл қалдырып еді Әбіш (Кекілбаев) абыз. Міне, бүгін соған анық көзіміз жетіп отыр. Қай кезде де ел тұтастығына қатер төнгенде тығырықтан шығар жол табатын табанды, жүрегі «жұртым» деп соғатын жетекші керек. Біздің жағдайымызда Қасым-Жомарт Тоқаев тектілігін танытты деп ойлаймын, ішкі дүниемнің дауысын  естіген  кезде.

Ал біз – жасынан жазушыларды пір тұтып, әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғаларға толы томдарын таласа оқып өскен ұрпақпыз. Себебі ол кісі детектив жанрында жазатын. Міне, осындай ерекше қаламгерден туған ұлдың тұлға болып қалыптаспауы, елжанды болып ержетпеуі, тағалы тұлпардай табандап тұрмауы мүмкін де емес қой. Әрі ел басқару – ерге сын.

«Қақ жарып қара қылды жүрсеңдағы, кетеді біреу мақтап, біреу даттап» дейді халық өлеңінде. Қаңтардың аязымен қатар қысқан, алқын-жұлқын алатопалаңда әлдебір елдердің басшыларындай жұртын тастап қашпай, «Мен халқыммен біргемін!» деуі көптің көңіліне  берік  сенім  ұялатты!

Соңғы жылдары жұлынқұрттай жемқорлықтың белең алғаны да, оның баршаға аян құбылысқа айналғаны да рас. Президент Қ.Тоқаевтың маңдайына мөлдірі мен лайсаңы мидай араласқан осындай қоғамды басқаруды тағдыр жазды. Енді шегінерге жол жоқ. Біздің соғыс көрген әке-шешелеріміз үнемі: «Ей, Алла, тек тыныштығыңды бере көр, соғыс болмаса екен!» деп айтудан жалықпайтын. Сонда тыныш, бейбіт өмірдің баға жетпес құндылығын біздің санамызға сіңіріп жүр екен ғой?! Ал бүгін ше? Осынау үлкендер ұлағаты, сол текті тәлім жетіспей жатқан жоқ па? Қазіргі күні ана сүті ауызынан кеппеген, тұрмыстың еш қиындығын көрмеген кейбір жастарымыз түрлі әлеуметтік желілердегі арандатушы топтарға еріп, саяси әңгімелерге араласып, шала бүлініп жүргені жасырын емес. Осыны ата-ана, ақсақалдар айтыңқырау керек-ау! Атыңнан айналайын, жалғыз Дулат Исабеков ағамыз ғана абыздық танытып, аталы сөзін айтты, турасын айтты.  

Шүкір, біздің Батыс Қазақстан облысы, Ақ Жайық атырабы қантөгістен ада, қалыпты өмір сүруін жалғастырып жатыр. Ол да болса, жерлестеріміздің жоғары мәдениеті мен терең түсінігінің, азаматтарының елжандылығының арқасы деп білемін! Мемлекет басшысы жаңа Премьер-министрді тағайындар кезде де біраз мәселені ашық һәм батыл айтты. Енді бізге тек Президентімізді қолдау мен өз талап-тілегімізді қорғау қалды. Бұдан жаманымызда да тойға барған қазақпыз ғой, сабырға шақырамын бәріңді, Жайығым – Жұртым! Азаттық алтыннан  да  қымбат!

Сағынтай  Бисенғалиев,  

Ақжайық ауданының  құрметті азаматы, ақын

 ***

– Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері бас қосып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзіне қатысты өзара пікір алмасты.

InShot_20220114_184500186

Мемлекет басшысы елімізде қолға алынған саяси реформалардың жалғасатынын мәлімдеді. Қазіргі кезде қоғамды сыбайлас жемқорлық, олигархия, бюрократия және басқа да көптеген кеселдің жайлағаны, одан айығуымыздың қажет екендігі ашық айтылды. Президент өз сөзінде «Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады», – деп сендір­ді. Сондықтан әрқайсысымыз елімізді көркейтіп, дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы ой-пікірімізді салмақтап, байыппен жеткізуге тиіспіз.

Қымбатшылық етектен тартып, нарықтағы баға қысқа күнде мың құбылған кезде қарапайым тұрғындардың тұрмыс-ахуалы қиындағанын көріп жүрміз. Мемлекет басшысы Үкіметке екі айдың ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама дайындауды тапсырды. Ел-жұрттың күтіп жүргені де осы  еді,  сүйсінтті.

Мемлекет басшысы жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттыру қажеттігін айтты. ХХІ ғасыр – инновацияның, нанотехнологиялардың, бір сөзбен айтқанда, білімділердің заманы. Сондықтан жоғары білім беру жүйесін дамытудың жолдары ұсынылып, гуманитарлық мамандықтардан гөрі техникалық мамандықтарға басымдық беру мәселесін көтергені қуантты. Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Президент 2025 жылға дейін шетелдік 5 университеттің филиалы ашылатынын, оның ішінде екеуі міндетті түрде техникалық бағыттағы оқу орны болатынын мәлім етті.  Расында, қай өңірге барсаңыз да, өндіріс орындарында техник-инженерлер, өндіріс мамандары жетіспейді. Алысқа бармай-ақ Оралдағы байырғы зауыттарда әлі күнге зейнет жасындағы мамандар қызмет етуде.

Ел басына күн туған кезеңде Мемлекет басшысы елдегі саяси тұрақтылықты орнату үшін халықпен бірге болатынын БАҚ арқылы жеткізіп, халықпен жүздесті. Сонысымен елге рух беріп, өзінің конституциялық міндетіне адал екендігін дәлелдеді. Дипломат ретінде дереу ұтқыр шешім қабылдауы барша қазақстандықтың еңсесін көтеріп, елдегі дүрбелеңді жоюдың алғы шарты болды. Барша халық болып парасаттылық жолына ілесіп, ешқандай арандатушылыққа жол бермей, Қазақстан Республикасы Президентінің жанына топтасып, толық қолдау көрсетуіміз керек. Біздің күш-қуатымыз бірлікте ғана екенін әрқашан есте сақтайық! Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Жаңа Қазақстанды  бірге  құрайық!

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөздері ойға оралады. Өскелең ұрпақты, елімізге жас кадрлар даярлайтын  жоғары оқу орны ретінде ұлтжанды, мемлекетшіл, рухты азаматтар тәрбиелеу жолында жұмыла еңбек ете береміз.

Анархан Құттығалиева,

Қазақстанның инновациялық және  телекоммуникациялық жүйелер  университетінің оқу-әдістемелік  жұмыстар жөніндегі  проректоры,  PhD докторы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале