Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылдық округіндегі Б.Момышұлы атындығы мектеп оқушыларының ісі көпке үлгі.
Білім ошағы жанынан «Жас көмекші» тобы құрылып, бірнеше жылдан бері жерлестеріне жәрдемдесіп келеді. Атына заты сай топ ауылдағы тыл ардагерлері, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты адамдарға қысы-жазы қолұшын созады.
Жақында жақсылыққа жаны құмар «Жас көмекші» тобы кезекті игі ісін атқарды. Олар - ауылда тұратын тыл, еңбек ардагері Анна Масяноваға барып, ауласын басқан қалың қарды күреп, көмек етті.
Анна Васильевна жастарға алғыс айтып, ақжарма тілегін жеткізді. Ардагерлерді ұмыт қалдырмай, әрдайым жәрдемдесіп жүргендеріне шын ризашылығын білдірді.
Мектеп директоры Аймекен Бақтығалиеваның айтуынша, жас көмекшілер ауыл үлкендеріне үнемі көмектесіп жүреді екен. Жазда ауласын қаулаған арамшөпті жұлса, қыс басталғалы осылай қар тазалайтын көрінеді.
-Оқушыларымыз өз қалауларымен ауыл тұрғындарына көмектеседі. Бала болған соң шаршағандары білінбейді, ойнап-күліп жүріп егде адамдардың қолғанатына айналды. Олар үшін үлкен кісілердің жылы лебізін естіп, ақ батасын алған жеткілікті,- дейді мектеп басшысы.
Назерке Сыйлыбаева,
Байтерек ауданы
zhaikpress.kz