Жалпы кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады.
Дана халқымыз «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді. Расында, халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашан да маңызды болып қала бермек. Ел болашағы мен ұрпақ келешегі сыналар сәтте халқына зор сенімі мен алғысын айтқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел мүддесі үшін оңды шешімін қабылдады. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. Сондықтан тыныштығымыз бен берекелі тірлігімізді сақтауға шақырамын. Көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат басты байлығымыз бейбітшілік пен тұрақтылық екенін білетіні анық.
Біздің бабаларымыздан қалған «Бақыт қонып, қыдыр дарыған!» деген аталы сөз, қасиетті бата бар. Бұл тәуелсіздіктің туын желбіреткен, бірлігі жарасқан, бейбіт күн кешкен берекелі елге берген баға екені де анық. Біз ата-бабамыздан аманат етілген бірлігіміз бен берекемізден айырылып қалмауымыз керек! Сондықтан, дәл қазір дана Абай атамыздың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең - істің бәрі бос!» деген ұлағатты сөзін естен шығармауымыз керек. Қазіргі таңда елімізде орын алған жағдайлардан өтуіміз үшін бізге жұдырықтай жұмылған ауызбіршілік, ыстық ықылас ауадай қажет болып отыр.
Біздің күшіміз бірлікте. Біз Президентімізді қолдаймыз. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Светлана Байтенова, Шыңғырлау ауданы
Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі