25.01.2022, 11:09
Оқылды: 21

Батыс Қазақстан облысында 3 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілмек

Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй саласында 3 млн шаршы метр жаңа баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын талқылау кезінде өңір әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың біздің өңірдегі тілшісі.

D735CDCB-76B4-4635-9965-B196880CCBD0

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары 116 іс-шараны қамтиды, оларды іске асыру үшін шамамен 2,6 трлн теңге қажет. Аталған қаражаттың 80%-ға жуығы жеке бизнес есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы тартылады деп ескерілген. «Осындай ауқымды инвестициялар көлемін тарту үшін өңірді дамытудың Кешенді жоспарында көрсетілген мемлекеттік қолдау қажет. Тікелей бюджеттік инвестициялардан басқа, аймақ үшін маңызды мәселелерге тоқталып өтейін. Бұл біріншіден аймақты тауарлық газбен қамтамасыз ету.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстанға тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып саналғанымен, біздің көптеген әлеуетті инвестициялық жобаларымыз газбен жабдықтауға техникалық шарттарды алудан бас тартқандықтан іске асырыла бермейді.

Сондай-ақ, маңызды мәселелердің бірі - электр желілері мен автомобиль жолдарын жөндеу. Біздің облысымыздағы электр желілері мен автомобиль жолдары Қазақстанның басқа батыс аймақтарымен салыстырғанда ең ұзын екенін айта кеткім келеді», - деді Ғ. Есқалиев.

Оның сөзіне қарағанда, тағы да маңызды мәселелердің бірі - Орал және Ақсай қалаларындағы жылумен, сумен жабдықтау желілері, кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жаңарту осы қалалардағы тіршілік ету объектілерінің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

«Тұрғын үй саласында 3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс аудандарында сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау ескерілген. Бұл 2025 жылдың соңына қарай ауыл халқының 100%-ын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын қолдау көлемін ұлғайту өңірдің етті мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасайды. Батыс Қазақстан облысы қазіргі уақытта Қазақстанның бірнеше өңірін сапалы етпен қамтамасыз етіп отыр», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана, кардиологиялық орталық корпусы, ауылдарда 42 модульдық медициналық нысан, 74 жаңа мектеп, 150 орынды мүгедектерді оңалту орталығы, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жоспарлануда.

«Тұтастай алғанда, Кешенді жоспар 4 жыл ішінде жалпы өңірлік өнімнің 30%-ға өсуін, 38 мың жаңа жұмыс орны құрылуын және өңір тұрғындарының көптеген әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын шешуді қамтамасыз етеді деп қарастырып отырмыз. Сондай-ақ, бұл халық табысының өсуіне оң әсер етіп, аймақтың Қазақстанның дамуына қосатын үлесін арттыруға тиіс», - деді Ғали Есқалиев.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале