26.01.2022, 17:15
Оқылды: 85

Жаңашыл ұстаз

Мектептегі сабақ процесін жаңалап, балалардың оқуға, әдебиетке деген қызығушылығын арттыру үшін ұстаздар түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Ал Бәйтерек ауданы Трекин ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атын иеленген білім ордасының мектепалды даярлық сыныбының тәрбиешісі Индира Шатунова жаңа технологияларды шебер пайдаланып, шәкірттерін оқуға баулуда. Жуырда жаңашыл ұстазбен тілдесіп, оның сабақ беру мәнері туралы сұрап білдік.

E1FDA42E-82C4-4598-90AA-2AB4541F2C03

-Қазақстанның халық жазушысы балалар әдебиетіне үздіксіз үлес қосқан жерлес ақын көрнекті жазушымыз Қадыр Мырза Әлінің бірсыпыра өлеңі балалар тақырыбына арналған. Сондықтанда мен жобамды осы Қадыр Мырза Әлінің балаларға арналған шығармаларын насихаттау бағытында алдым. Оның үстіне былтыр мектебіміздің атауы өзгертіліп, Қадыр ақынның аты берілді. Қазіргі таңда балалардың сөздік қоры аз, тек қысқа сөздермен жауап береді және ата-аналар үнемі жұмысбасты болғандықтан  отбасына көп уақыт бөле алмайды. Сол себепті жобамның негізгі мақсаты - ата-аналардың балаларға көңілін аударып, уақытын  бөлуге және отбасымен жұмасына бір рет болса да балаларын кітап оқуға дағдыландыруға бағытталған. Сондай бір жақсы дәстүрді әр отбасында қалыптастыру, балалардың сөздік қорын, тілін дамыту, сурет бойынша шағын әңгіме құрастыру, ертегілерді мазмұндап айту, байланыстырып сөйлеуге үйрету, сахна мәдениетіне тәрбиелеу 4к моделінің креативтілік, коммуникативтілік, айтылым, тыңдалым дағдыларын қалыптастырып, кітап оқуға деген ынтасын оятуға негізделген,- дейді жаңашыл тәрбиеші Индира Шатунова.

204398E7-B5B7-4D30-9526-099F53BA66E5

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерді қолдана алмайтын бала кемде-кем, олар YouTube, инстаграм, Facebook  және басқа да желілерді жақсы меңгергені жасырын емес. Сондықтан да ұстаз оқушылардың жаттаған өлеңдерін, ата-аналарымен оқыған кітаптарын YouTube  арнасына жүктеп отырады. Ал арнайы QR кодты балаларға шығарып беру арқылы олардың қызығушылығын оятады екен. Ал баласының YouTube хостингіне жүктелген өлеңін көру үшін ата-ана арнайы СКАНЕРQR деген бағдарламаны пайдалана отырып, әр тақырыпта оқылған шығармаларға тікелей сілтеме арқылы өте алады.
76E1D502-CE93-4D04-9F38-0EAA0A80086C

-Қадыр Мырза Әліге арналған жобама ата-аналардың, әсіресе әкелердің белсенділігі жоғары. Балалармен ата-аналар қызығушылық танытып, өздерінің жаттаған өлеңдерін, оқыған кітаптарын  бейнежазбаға түсіріп, өз ойларын қосып, бейнежазбаны монтаждап жібереді. Тіпті бір-бірімен бәсекелестік пайда бола бастады. Балалар YouTube арнаға жүктеген видеоларды қызыға қарайды. Ата-аналар үнемі тапсырманы орындау арқылы кері байланыс жасап отырады. Ата-аналардың өздері Қадыр атамыздың кітаптарын, шығармаларын сұрап алып жүр. Әрине, ол мені қуантады, еңбегімнің жемісі деп білемін,-дейді өз жобасының сәтті жүзеге асып жатқанына разы болған мұғалім.

ACFE0730-B52B-4DE3-9473-F007AB0DEECA

Шынында да Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері балаларға айтуға жеңіл, тез есте қалады, жаттауға да оңай. Ақыннын өмірбаянымен, шығармаларын, афоризмдерін, суреттерін жинап лэпбук жасаған жаңашыл мұғалімнің оқушылары лэпбукпен керемет жұмыстанып, сабаққа белсене қатысатын болған. Лэпбуктің әр бетінде ақыннын отбасылық суреттері, афоризмдері, замандас ақын жазушылардың ой-пікірі және QR код енгізілген. Заманың түлкі болса тазы боп шалатын, қиын сәттен оңай жолдытаба алатын осындай ұстаздар көп болса, білімге құштар шәкірттер де көбейе түсер еді.

Одан бөлек аталмыш жобаны одан әрі дамыта түсу үшін мектеп  кітапханасымен тығыз байланыс орнатқан мұғалім «Оқуға құштар мектеп», «Әкеммен кітап оқимын», «Анаммен кітап оқимын» сияқты акциялар ұйымдастырып, кітапханаға танымжорық ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Балалар Қадыр атамыздың ғана емес басқа да кітаптарды қызыға қарап, суреттерін салыстырып, бір-бірімен ой бөлісетін болыпты. Жай ғана жоба көмегімен балалар мен ата-аналардың кітап оқуға деген құштарлығын оята алған Индира ұстаздың еңбегі орасаң.

Тағы бір қуантатына жерлес ақынның шығармашылығы мен өміріне деген оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатын Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі орталығына да экскурсия ұйымдастырады.

- Орталықтағы Қадыр ақыннын мұражайы кітап көрмесі, жеке кабинеті кітапханасымен таныс болдық. Балаларға өте қызықты болды. Экскурсия барысында жеке бөлмесінде орналасқан ақыннын заттарымен бұйымдарын балалар өз көзімен көрді. Ата-аналар Қадыр Мырза Әлінің кітаптарымен таныс болып, оның шығармаларына деген қызығушылықтары арта түсті,-дейді Индира Шатунова.

Болашақта мектепте Қадыр атамызға арналған сынып бұрышын жаңғырту,  балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында орталықтың үлгісін жасау. Қадыр Мырза Әлінің өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау, ән кешін ұйымдастыру, ақыннын өлеңдерін, балаларға арналған шығармаларын насихаттау. Ата-ана, педагог, тәрбиеленуші болып бірлесіп жұмыстану, балалардың білімге әдебиетке деген құштарлықтарын арттыруды жалғастыра бермек ойда жүрген жаңашыл ұстаздың ойлағаны іске аса бергей.

  Назерке Сыйлыбай,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале