3.02.2022, 12:50
Оқылды: 42

Казталовта 17 100 сайлаушы тіркелген

3 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні. Осыған орай Казталов аудандық мәслихатының мәжіліс залында Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Шараға мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, кейбір учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, ішкі істер бөлімінің өкілі, бөлім басшылары, жастар, және «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының, ардагерлер кеңесі, аналар кеңесінің және БАҚ-ның өкілдері қатысты.

IMG-20220203-WA0036

Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасы бойынша жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі. Атаулы күннің маңызы жөнінде Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жүсіп Шакуов хабарлама жасады.

- Дүниежүзілік сайлау күні – азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне адамдардың назарын аударуға бағытталған. Бұл күн азаматтардың сайлауға қатысуға жалпы құқығын еске түсіреді және әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы білімді кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қатысуына ықпал етуге бағытталған. Осылайша, ол азаматтардың сайлауға қатысу жалпыға ортақ құқығының символы және демократиялық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын дамытудың маңызды нысаны болып табылады. Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығы қамтамасыз етілді. Бұл аудандық штабтың да, сайлау комиссияларының барлық мүшелерінің де зор еңбегі. Құқықтық тәртіп пен эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция және ТЖ департаменттерінің қызметкерлері, сондайқ-ақ біздің дәрігерлер үлкен қолдау көрсетіп келеді. Барлық қабылданған шаралардың арқасында біз сайлаушылардың сайлауға қатысуына қол жеткізіп келеміз, - деді Казталов аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Дөңгелек үстел барысында Казталов аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Фарзия Хасанова баяндама жасап, сайлау комиссиясының жұмыстарына тоқталды. Фарзия Асқарқызының сөзіне сүйенсек, аудан бойынша 17 100 сайлаушы сайлаушылар базасына енгізілген. Ауданымызда 48 сайлау учаскесі бар. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 257 адам. Соның ішінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясынан 7 адам. Учаскелік сайлау комиссияларынан 250 адам бар.

Жалпы ел тарихына үңілер болсақ Тәуелсіздік алғаннан бері 6 Президенттік, 2005 жылдан бастап көппартиялық жүйе қалыптасқаннан кейін 4 Парламенттік Мәжілісіне және біздің ауданымызға келетін болсақ 7 рет аудандық мәслихатқа депутаттарды сайлау өткізілген.

Өткен жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның бірі ауылдық округ әкімдерін халық сайлайтындығы және бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген тармақтың болуы. 2021 жылы 25 шілдеде Казталов ауданының Казталов, Бостандық, Көктерек және Жаңажол ауылдық округі әкімдерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кезекті сайлауы өтті. Ал, 17 қазанда Талдыапан ауылдық округі әкімінің кезектен тыс сайлауы өтті. Ағымдағы жылы Болашақ және Ақпәтер ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты кезекті сайлау өткізу жоспарлануда.

Дөңгелек үстелде қоғам өкілдері сайлау турасында пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында Казталов аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жүсіп Шакуов сайлауға қызмет бабымен қолдау көрсетіп жүрген аудандық полиция бөлімі мен «Ауыл айнасы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің ұжымын алғыс хатпен марапаттады.

 

Асылбек Нәсіпқали, 

Казталов ауданы

Zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале