Қаңтар айының 24-29 күндері аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында өткен ММА-ден әлем біріншілігінде 19 жасар жерлесіміз, Теректі ауданы, Пойма ауылының тумасы Карина Сисенова алтыннан алқа тағып, жеңіспен оралғанын сүйіншілеген болатынбыз.
Карина осыған дейін ережесіз жекпе-жек, грэпплингтен бірнеше мәрте облыс чемпионы атанған. Ол Қазақстанның дос дүркін күміс жүлдегері. 2019 жылы Италияның астанасы Римде ММА-дан өткен Әлем чемпионатының, 2021 жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласында өткен Еуропа чемпионатының қола жүлдегері.
Ер азаматқа тән ережесіз жекпе-жекте жүрегі мен білегінің күшін көрсеткен қаршадай қызға жерлестері батырға лайық құрмет көрсетті. Кездесуге әжесі Назира Қабылқызымен келген Карина ауылдастарымен емен-жарқын амандасып, құттықтауларын қабылдады.
Чемпион қызға аудан әкімінің орынбасары А.Байғазиев аудан әкімі Тілек Габдушев атынан алғысхат табыс етіп, жылы лебізін жеткізді.
Ақсуаттың азаматтары қазақы дәстүрмен батырына ат мінгізді.
Ауыл азаматтары атынан С.Құбаев жетектеп әкелген жылқыдан бір сәтте жасқанбай, ер үстіне қона кеткен Карина:
- Құрмет көрсеткен ауылдастарыма зор алғысымды білдіремін. Мені әрдайым қолдап, әр жарысымда тілеуімді тілейтін әжем мен анама үлкен рақмет. Әрине, әлем чемпионы болу оңай емес. Қарап отырған адамға жеңіл көрінетін шығар, бірақ ол маңдай тер, көз жас, ауыр жарақаттармен келді. Жарыста алғашқы және соңғы сайыс ауыр болды. Алдыңғысы чех қызымен, финалдық сайыста ирландиялық спортшымен шықтым. Олар да өте мықты, тәжірибелі спортшылар. Өз-өзімді қамшылап, жеңіс тұғырынан көріндім. Барша мені қолдаған жандарға ризамын, - деп алғысын айтты.
Осы жерде шеберлік сабағын өткізіп, жекпе-жек тәсілдерін көрсеткен Карина жеткіншектерді салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырды.
Шағын ауылда өсіп, әлемдік деңгейде танылған жерлесіне гүл шоқтарын ұсынған жеткіншектер естелікке суретке түсіп жатты.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz