Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Ақжайық ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әленғали Керейтегінің мерейлі 80 жасқа толуына арналған кездесу кеші өтті.
«Елеулі есімдер» жобасы ауқымында өткен іс-шарада абзал ағаның еңбек жолы, өнегелі өмірі хақында бірталай жақсы естеліктер мен жылы сөздер айтылды. Жиынның беташарында Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Анаргүл Сисенова, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Сәуия Темірова мерейтой иесін құттықтап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және қала әкімінің, облыстық мәдениет басқармасы басшысының алғысхатын салтанатты түрде табыстады.
– Әленғали Лұқпанұлы зейнетке шыққаннан кейін Орал қаласындағы Ақжайық ауданы ардагерлер қауымдастығының төрағасы болып 15 жыл қызмет істеп, жастарды Отанды сүюге, ұлттық дәстүрімізді, салтымызды, мәдениетімізді дәріптеуге үндеді. Былтырдан бері мен де ардагерлердің қатарындамын. Осы ортаға келген бойда ұстазым, ақылшым ретінде ағамызға барып, ақыл-кеңес сұрадым. Бұл кісінің сөзі мен ісі бір арнадан шығып жатады. Айтары бар, өнегесі мол жан, – деп жиында сөз сөйлеген Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ардагерлер кеңесінің шешіміне орай Ә.Керейтегіне «Асыл ардагер» төсбелгісін тақты.
Жиынға Жұбан елінен Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы Сәлімгерей Сиражев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов және еңбек ардагерлері арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдіріп, аудан әкімінің алғысхатын, сый-сияпатын тарту етті. Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев мерейжасқа толып отырған жерлес ағасына арнаған өлеңін оқыды. Кездесу барысында халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты «BatysStar» тобы Әділбек Сүлейменовтың «Әкем-әнім», ҚР Мәдениет саласының үздігі Рүстем Кереев Рахым Жанаисовтың «Атамекенге сағыныш», әнші Гүлзада Ахметова Тұрсынжан Шапайдың «Туған жер» әндерін тамылжыта орындап берді.
Кездесу барысында мерейтой иесінің әріптес інісі Ғиззат Құжатұлы тәлім-тәрбиесі мол ағасынан 1999 жылы ауылға әкім болып келгенде көп нәрсе үйренгенін ризашылықпен айтты.
– Әлекең 1978 жылы наурызда КСРО-ның 50 жылдығы атындағы (бұрынғы «Орал» қаракөл совхозы) кеңшарына партия ұйымының хатшылығына сайланды. Ол кезде совхозда коммунистер қатары көп, үлкен бастауыш партия ұйымы болатын. Әлекең келгенде шаруашылықта 40 мыңнан астам қаракөл қойы, 7 мың ірі қара, 2 мыңға жуық жылқы бар еді. Ауылды үш мың жарым тұрғын мекендеді. Сол шақта біздің совхозда партком хатшылары тұрақтамай, әрі кеткенде тек 3-4 жыл қызмет істейтін. Ал Әлекең болса, ауылдағы халықпен қоян-қолтық араласып, 10 жылға жуық партия ұйымын басқарды. Кез келген партия ұйымының хатшысы сол шақта осыншама уақыт бір орында жемісті жұмыс істеуі өте сирек кездесетін жайт еді. «Осы кісінің шекпенінен шықтым» деген сөзді бұл күнде мақтанышпен айтамын. Оның ұлағатты тәрбиесін көріп өстім. Басшылық қызметте болғанымда осы кісінің өмірлік тәжірибесі маған үлкен демеу, көмек болды, – деді ол өз сөзінде.
Кеште Әленғали ағаның немере-жиендері сахна төріне шығып, атасына арнап мәнерлеп өлең оқыды.
– Жұбайым Тыныштық екеуміз 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсіріп, оқыттық. Зейнетке шыққан соң кейінгі ұрпаққа естелік қалдырсам деген ой болды. Сөйтіп, «Қаратай» деген кітабым 2014 жылы жарық көрді. Бұл өзі шежіреге жатады. Анықтама кітап деуге де болады. Жас ұрпақ ата дәстүрді ұмытпай, тілін, дінін, ділін қастерлесе, тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры ұзақ болатындығы кәміл. Қазір өмірден көрген, түйгендерімді ой таразысынан өткізіп, жинақтап «Өмір керуен» атты кітабымды жазу үстіндемін, – деген Әленғали Кереев өзінің мерейжасын атап өтуге атсалысқан барша қауымға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Тағылымды кеш соңы әсем әнмен өрнектелді. Сахнаға «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі әнші Еркін Өтегенов шығып, қадірменді ағасына жүрекжарды лебізін білдірді. – Әленғали аға туған жерімен қарым-қатынасын үзген емес. Жаңа сөйлеген сөзінде «Ауылда қиын жағдай болса, ас батпайды» деуінде үлкен мән-мағына жатыр. Осыған орай ауыл жайлы шырқалар әнімді сізге арнаймын аға, қабыл алыңыз, – деген ол Тұяқберді Шәміловтың «Ауылымды сағындым» әнін шеберлікпен орындады.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz