ҚР Премьер-Министрінің елдегі балалардың балалардың хал-ахуал индексін белгілейтін 2022 жылғы 1 ақпандағы өкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл индекс балалардың әл-ауқатын және түрлі салаларда балаларға жағдай жасауға бағытталған ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін бағалау үшін әзірленіп отыр.
Өлшемдер 4 негізгі бағыттан тұрады. Олар:«бала», «отбасы және қоғам», «мемлекеттік саясат», «елдің әл-ауқаты».
«Индекс орнықты даму саласындағы «Ешкімді шетте қалдырмау» қағидатын ескере отырып әзірленді», - деп жазылған өкімде.
Деректер орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ашық көздерінен, сондай-ақ балалар арасында ата-аналардың рұқсатымен және ата-аналардың өз арасында сауалнама жүргізу арқылы алынбақ.
ҚР Білім және ғылым министрлігі 1 маусымға қарай жыл сайын осы индекске мониторинг жүгізуге тиіс.
Индексте 11 негізгі ұғым қолданылады. Олар:
1) бағыттарды есептеу – бағыттарға кіретін құрамдауыштардың немесе статистикалық/сауалнамалық деректердің арифметикалық орташа мәнін анықтау арқылы жүргізілетін есептеу;
2) балаларға арналған бюджет – республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерден балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған, балаларға арналған бюджет шығыстары;
3) балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған бюджет шығыстары – бұл балалардың қажеттіліктеріне бағдарланған бюджеттік бағдарламалар/кіші бағдарламалар бойынша тікелей және жанама шығыстардың жиынтығы;
4) баланың хал-ахуалы – баланың физикалық және психологиялық денсаулығын қолдауға және жақсартуға, сапалы біліммен, даму мүмкіндіктерімен, қауіпсіздікпен және басқа да жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталған факторлардың жиынтық әсерінен қалыптасқан жағдайы;
5) деректерді нормаға айналдыру – деректердің бастапқы (туынды) мәндерін нормалық (орташа) мәнге айналдыру;
6) жанама шығыстар – балаларды қолдауға және дамытуға тікелей және біржақты бағытталмаған, бірақ халықтың барлық жас санаттарын, оның ішінде балаларды қамтитын нақты шығыстар (мысалы, балалар бөлімшесі бар аурухананы ұстау (жалпы шығыстардағы үлесі); оңалту орталықтарында қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету (игілік алушылардың кең ауқымы) және т. б.);
7) статистикалық/сауалнамалық деректер – балалардың әртүрлі салалардағы, оның ішінде өңірлер бойынша жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер;
8) қорытынды индексті есептеу – барлық бағыттардың арифметикалық орташа мәнін анықтау жолымен жүргізілетін есептеу;
9) құрамдауыш – балалардың белгілі бір саладағы жағдайын сипаттайтын статистикалық/сауалнамалық деректер жиынтығы;
10) мониторинг – балалардың игілігі саласындағы ұлттық саясаттың тиімділігі туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, сақтауды және таратуды ұйымдастыру нысаны;
11) тікелей шығыстар – кәмелетке толғанға дейін балаларды қолдауға және дамытуға тікелей және біржақты бағытталған нақты шығыстар (мысалы, жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, балалар кітапханаларының, балаларға арналған спорт мектептері мен секцияларының, оқушылар сарайларының жұмыс істеуіне, балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз етуге, балалар ауруханаларына және т.б. арналған шығындар).
Индекстің нақты мәндерін мына жердегі қосымшадан көруге болады.