2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бастап БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалануға 781 736 өтінішін орындады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қорға сілтеме жасап хабарлайды.
Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 2,5 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 3,2 млн теңге.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,7%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,5%), Маңғыстау облысының (12,0%) тұрғындары тарапынан жолданған.
Айта кетерлік жәйт, 2022 жылдың қаңтар айында БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жалпы сомасы 76,2 млрд теңгеге 50 060 өтінішті орындады. Алынған қаржының орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңге. Салыстыру үшін, желтоқсан айында бұл көрсеткіштер мынадай болды: орындалған өтініштердің саны – 208 431, жалпы сомасы 413,1 млрд теңге. 2021 жылғы желтоқсанда алынған қаржының орташа сомасы шамамен 2,0 млн теңге.